ҚМГ басшысы Rosneft Deutschland басшылығымен кездесті
23.07.2024
2024 жылы 23 шілдеде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Rosneft Deutschland басқарушы директоры Йоханнес Бреммермен кездесті.
Тараптар Қазақстан мұнайын Германияға тасымалдау мәселесіне қатысты ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын талқылады. 2023 жылдың қорытындысы бойынша бұл маршрут арқылы елімізден 993 мың тонна мұнай тасымалданғанын атап өтті. Кездесуде алдағы уақытта мұнай жеткізу ісін жалғастыру перспективасы да қаралды.
Өз кезегінде А. Хасенов неміс тарапына табысты ынтымақтастығы үшін алғыс білдіріп, ҚМГ Rosneft Deutschland-пен серіктестікті дамытуға дайын екенін айтты.
Анықтама:
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы» АҚ – Қазақстанның вертикалды интеграцияланған жетекші мұнай-газ компаниясы. ҚМГ көмірсутектерді барлау мен өндіруден бастап тасымалдауға, өңдеуге және мамандандырылған қызметтер көрсетуге дейінгі бүкіл өндірістік цикл бойынша активтерді басқарады.
Rosneft Deutschland – көлемі бойынша Германияның үшінші ірі мұнай өңдеу компаниясы. Кәсіпорын жылына шамамен 12,5 млн тонна шикі мұнай өңдейді, бұл елдегі жалпы өңдеу көлемінің 12%-дан астамын құрайды.