Қазақстанда магистральдық этан және пропан құбырларына арналған ТМД-дағы алғашқы техникалық регламент бекітілді
13.08.2026
Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2026 жылғы 29 шілдедегі № 285-н/қ бұйрығымен «Сұйытылған күйдегі этан және пропан фракцияларын тасымалдауға арналған магистральдық құбырларға қойылатын талаптар туралы» техникалық регламент бекітілді.
Құжат Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі, «KAZENERGY» Қазақстан мұнай-газ және энергетика кешені ұйымдарының қауымдастығы, «KMG PetroChem» ЖШС, «ҚазСтандарт» РМК, «ҚазТрансОйл» АҚ өкілдерінің, салалық және халықаралық сарапшылардың, сондай-ақ жұмыс тобының басқа да қатысушыларының бірлескен жұмысының нәтижесінде әзірленді. KMG PetroChem мамандары «Атырау облысында бірыңғай дәлізде магистральдық құбырлар (этан, пропан) салу» жобасының ерекшеліктерін ескере отырып, регламентті әзірлеуге және талаптарды қалыптастыруға белсене қатысты.
Регламент сұйытылған күйдегі этан және пропан фракцияларын тасымалдауға арналған магистральдық құбырларды жобалауға, салуға (реконструкциялауға), пайдалануға, консервациялауға және жоюға қойылатын бірыңғай талаптарды белгілейді. Сондай-ақ құжатта белгіленген талаптарға сәйкестікті бағалау тәртібі айқындалған.
Регламентті әзірлеу қажеттілігі Қазақстанда осындай магистральдық құбырлар мен олардың объектілеріне арналған арнайы нормативтік базаның болмауына байланысты туындады. Жаңа құжат «Атырау облысында бірыңғай дәлізде магистральдық құбырлар (этан, пропан) салу» жобасын іске асырудың барлық кезеңдеріне арналған ұлттық нормативтік негіз қалыптастырды.
Регламентті әзірлеу жұмыстары 11 айға созылды. Оған саланың жетекші мамандары мен Уфа мемлекеттік мұнай техникалық университетінің сарапшылары қатысты. Құжат мүдделі мемлекеттік органдармен, сондай-ақ қызметтердің болашақ түпкілікті тұтынушылары болып табылатын «Силлено» ЖШС және «KPI» ЖШС-мен келісілді.
KMG PetroChem жүзеге асырып жатқан «Атырау облысында бірыңғай дәлізде магистральдық құбырлар (этан, пропан) салу» жобасының мақсаты Теңіз кен орнындағы «Теңізшевройл» ЖШС объектілері мен жобаланатын Газ сепарациялық кешенінен Қарабатандағы «Ұлттық индустриялық мұнай-химия технопаркі» арнайы экономикалық аймағының аумағында орналасқан полиэтилен және полипропилен өндіретін газ-химия зауыттарына дейін сұйытылған күйдегі этан және пропан фракцияларын құбырлар арқылы сенімді, қауіпсіз әрі үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз ету болып табылады.
Регламенттің қабылдануы стратегиялық жобаны іске асыруға және Қазақстанның мұнай-газ химиясы саласын одан әрі дамытуға қажетті жағдай жасайды. Бұл магистральдық этан және пропан құбырларына, сондай-ақ олар арқылы тасымалданатын өнімге арнайы талаптар белгілейтін ТМД аумағындағы алғашқы техникалық регламент.