Жаңаөзеннің қалалық қызметтеріне заманауи реанимобильдер мен инватакси берілді
16.10.2025
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ және Eni компаниясы Жаңаөзен қаласының әкімдігіне екі заманауи реанимобиль мен бір арнайы инватакси тарту етті.
Реанимобильдер қалалық жедел және шұғыл медициналық көмек стансасына, инватакси — жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөліміне беріледі. Автокөліктер озық үлгідегі құралдармен жабдықталған. Бұл халыққа қызмет көрсету деңгейін арттырады, шұғыл шақыртуларға бару уақытын қысқартады.
Өз кезегінде, арнайы инватакси мүмкіндігі шектеулі қала тұрғындарының әлеуметтік ортаға бейімделуіне, өмір сүру сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар жедел жәрдем қызметкерлерін оқыту жоспарланып отыр.
Жалпы, мұндай игі бастамалар болашақта да жалғасын табады.
Еске сала кетсек, 2025 жылдың қыркүйек айының соңында ҚазМұнайГаз және Eni Жаңаөзенде күн электр стансасын іске қосты.