Мұнай өңдеуші тұңғыш қазақ қызы
17.03.2025
Атырау мұнай өңдеу зауытының 80 жылдығы аясында кәсіпорын тарихын терең зерттеу жұмысы қарқынды жүріп жатыр. 70 мыңнан астам құжатты қамтитын өндірістік архивте 20 мыңға жуық адамның жеке іс қағазы сақталған. Қазір баспасөз қызметінің мамандары мен архивистер 1944-1978 жылдарға тиесілі 9734 мұрағаттық материалдың 3736-сын қарап үлгерді. Сарғайған қағаздарды парақтай келе, ерекше көзге түскен есімдердің бірі — Зәуре Құмарова болды. Жан-жақты зерделеу жұмыстары оның өндірістегі тұңғыш қазақ қызы екенін дәлелдеп отыр. Қиындыққа мойымаған қайсар жанның қажырлы еңбегі мен өнегелі өмір жолы бұған дейін жарыққа шықпай тасада қалып келген. Бұл тың тарихи деректерді алғашқылардың бірі болып зауыттың корпоративтік газетінің редакторы Арайлым Қабдешова архивист мамандармен бірге анықтаған. Архивтік зерттеу жұмыстары зауыттың бас директоры Ғалымжан Жусанбаевтың тапсырмасымен жүзеге асып отыр. Жалпы, кәсіпорынның 80 жылдығы — тек жетістіктерді ғана емес, өндіріс тарихындағы елеулі тұлғаларды еске алып, олардың еңбегін ұлықтайтын маңызды белес.
Отбасылық суреті
Сонымен, мұнай өңдеуге атсалысқан тұңғыш қазақ қызы туралы архивтік деректерді сөйлетейік... Зәуре Құмарова 1928 жылы Гурьевке қарасты (қазіргі Атырау) Бақсай ауданы, Таңдай ауылында дүниеге келген. Ол өмірдің ауыр сынақтарына бала кезден тап болған. Әке-анасынан ерте айырылған Зәуре 1943 жылға дейін жетімдер үйінде тәрбиеленді. Сол жылы Бақсай ауданындағы Жамбыл мектебінің 5-сыныбын аяқтап, Гурьев қаласындағы №9 қолөнер училищесіне оқуға түседі. 1945 жылы аталған білім ордасын тәмамдап, 29 қарашада №441 мұнай өңдеу зауытына жұмысқа қабылданады. Бұл кезде оның жасы 17-де еді...
Архивтік құжат
Зауытта еңбек жолын электр-дәнекерлеуші болып бастап, небәрі бір айдан соң №1 цехқа оператордың көмекшісі ретінде ауыстырылады. Қысқа мерзімде өндіріс үдерісін жетік меңгерген Зәуре Құмарова 1947 жылы оператор қызметіне тағайындалды. Еңбексүйгіштігімен, кәсібіне адалдығымен көзге түскен ол тек өндірісте ғана емес, қоғамдық өмірде де белсенді болды. Зәуре Құмарова зауыттың ұсынысымен 1959 жылы 5 ақпанда Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланады. Жоғары Кеңесте де ол жалғыз қазақ қызы болған. Бұл – сол кезең үшін ерекше жетістік еді. Мұнай өңдеу зауытында жұмыс істей жүріп, қоғамдық қызметке де белсенді араласқан ол өз заманының көшбасшы әйелдерінің біріне айналды.
З.Құмарованың Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің депутаты болған кезі
Зәуре Құмарованың архивтік жеке іс қағаздарының арасынан өз қолымен жазған өмірбаяны табылды. Онда оның отбасы, жұмыс барысындағы қиныдықтары мен жетістіктері егжей-тегжейлі баяндалған.
«1943 жылы Бүкілодақтық Лениндік коммунистік жастар одағының мүшесі атандым. 1948 жылы тұрмысқа шықтым. Жолдасым – Бердихан Кузембаев, 1926 жылы туған. Ол – Ұлы Отан соғысының 2-топ мүгедегі. Ұлым Асқар 1949 жылы, қызым Ботакөз 1951 жылы дүниеге келді. Өзім 1946 жылы 30 минут жұмыста болмағаным үшін істі болдым. Мемлекет пайдасына 3 айға жалақымнан ақы ұстап қалу туралы шешім шығарылды. 1951 жылы 14 маусымда жоғары кеңестің жарлығымен соттылығым алынып тасталды. Жолдасым №8 цехта машинист болып қызмет атқарады. Мекен-жайым Тұрғын үй қалашығы Севостополь көшесі 8 үй 5 пәтер.» деп жазған ол (автордың орфографиясы сақталған).
Архивтік құжат
Атырау облысы бойынша азаматтық хал актілерін тіркеу басқармасының дерегіне сүйенсек, Зәуре Құмарова төрт баланың анасы атанған. Зауыттың баспасөз қызметіндегі мамандар өмірбаянда жазылған мекен-жайға барып, Зәуре Құмарованың кенже қызы Гуля Бердіханқызын тауып, сұхбаттасты.
Балалары Ботагөз, Асқар, Амантай
«Анам өндіріске бала кезімізден араласып кеттік деп айтып отырушы еді. Көп техникаға бойымыз жетпейтін. Аяғымыздың астына орындық қойып, 16 сағат бойы тоқтаусыз жұмыс істедік. Бізді ешкім аямайтын. №1 цехта жұмыс істеген кезімізде аптап ыстықтан дем алу мүмкін болмайтын. Соған қарамастан, елге қызмет ету біздің міндетіміз деп санадық дейтін. Бос уақытында қолғап тоқып, керек заттарды тігіп фронтқа жіберетін едік деп айтатын. Көрген фильмдер мен оқыған кітаптарын әңгімелегенді жақсы көретін. Балаларының есімдерін Асқар, Ботагөз, Амантай деп оқыған кітаптарының кейіпкерлеріне сай қойған. Менің есімім неге Гуля деп ренжігенімде, сенің есіміңді кино актрисасы, майданда ұшқыш болған Гуля Королеваның құрметіне қойдық дейтін. Анам елдің адамы болды. Халықтың тұрмыстық жағдайы көп алаңдататын. Екі ағайынды еді. Інісі де балалар үйінде тәрбиеленіп, кейін ауырып көз жұмған. Анамның жүрегінде інімді қорғап қала алмадым деген үлкен өкініш болды. Сол жағдайды есіне алып көп жылайтын», – деп өткен шақты Гуля апай тебірене еске алды.
қызы Гуля Бердіханқызы
Гуля Бердіханқызының айтуынша, оның үлкен ағасы Асқар Башқұртстандағы қазақ диаспорасын басқарған. Ол да анасы сияқты қоғамдық жұмыстарға белсенді араласып, қазақтарды бір шаңырақ астына жинаған.
ұлы Амантаймен
Бір қызығы, Зәуре Құмарованың немересі Қаламқас Аубекерова да бүгінде Атырау мұнай өңдеу зауытының орталық зертханасында химиялық талдау лаборанты болып қызмет етеді.
«Мен әжемнің жолын жалғап келемін деп есептеймін. Ол кісінің еңбексүйгіштігі, өз ісіне адалдығы біз үшін үлгі. Әжем туралы әлі күнге дейін зауытта жылы естеліктер айтылады. Ол көптеген жұмысшыларға баспана алып беру, қызметке орналастыру, білім алуына ықпал ету сынды әлеуметтік мәселелерді шешуге көп көмектесті», – дейді Қаламқас.
немересі Қаламқас Аубекерова
Өз заманының озық ойлы, қайсар мінезді қызы болған Зәуре Құмарова 1974 жылы денсаулығына байланысты ауыр жұмыстарды атқаруға тыйым салынған соң, 1975 жылы 30 жылдық еңбек өтілімен II топ мүгедегі ретінде жұмыстан босатылды. 2008 жылы 80 жасында өмірден өтті.
Оның есімі қызмет еткен жылдарда бірнеше рет зауыттың Құрмет тақтасына еніп, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, бірнеше рет Құрмет грамоталарымен марапатталған.