Асхат Хасенов ҚМГ газ саласында іске асырып жатқан жобалар туралы баяндады
07.07.2026
Бүгін ҚР Премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ҚазМұнайГаз басшысы Асхат Хасенов газбен қамтамасыз ету саласында іске асырылып жатқан жобалар туралы айтып берді.
А.Хасенов атап өткендей, ҚМГ Мемлекет басшысының жаңа газ кен орындарын іске қосу және газ өңдеу зауыттарын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау мақсатында кешенді жұмыс жүргізуде.
— Жоспарлы көрсеткіштерге сәйкес 2030 жылға дейін ҚМГ-да тауарлық газ өндіру көлемі жылына 2,4 млрд текше метрден 4,5 млрд текше метрге дейін өседі. Осы кезеңде сұйытылған мұнай газын өндіру 1,3 млн тоннадан 1,5 млн тоннаға дейін ұлғаяды. Бұл көрсеткіштерге бірқатар негізгі жобаны іске асыру есебінен қол жеткізіледі, — деді ол.
Батыс Қазақстан облысында орналасқан Рожков кен орнын игерудің екінші кезеңі аясында 2028 жылы газ өндіру көлемі жылына 700 млн текше метрге дейін артады.Атырау облысындағы Батыс Прорва кен орнында жобалық қуаты 200 млн текше метр болатын алғашқы іске қосу кешені пайдалануға берілді. Екінші кезеңде, яғни 2027 жылы бұл көрсеткішті 920 млн текше метрге дейін арттыру жоспарланып отыр.
Сонымен қатар қазіргі уақытта Жаңаөзен қаласында қуаты жылына 900 млн текше метр шикі газ шығаратын жаңа газ өңдеу зауытының құрылысы жүргізілуде. Құрылыс алаңына тоғыз резервуар жеткізілді, қалған төртеуі келе жатыр. Ұзақ уақыт жасалатын жабдықтың 259 позициясының 92-сі дайын, 167-сі дайындалуда. Жаңаөзендегі зауыттың құрылысында модульдік әдісі қолданылуда, бұл оны елдегі осыған ұқсас басқа кәсіпорындардан ерекшелендіреді.
Бұған қоса, ҚМГ ұзақ мерзімді ресурстық базаны қалыптастыру мақсатында геологиялық барлау жобаларын, оның ішінде «Қаратон Подсолевой» (Атырау облысы), «Болашақ» (Маңғыстау облысы), «Жылыой» (Атырау облысы), «Березовский» (Батыс Қазақстан облысы) және «Шу-Сарысу» (Қызылорда облысы) жобаларын іске асыруда.