ҚМГ мұнай-газ саласындағы отандық өндірушілерді қолдауды күшейтуде
10.10.2025
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Ақтауда Мұнай-газ машина жасау форумының жұмысына қатысты.
ҚМГ басшысы өз сөзінде мұнай-газ саласындағы жергілікті өндірістердің дамуын ынталандырудың маңызын атап өтті. Отандық өндірушілердің ҚМГ жобаларына қатысуы жаңа жұмыс орындарын ашуға және қазақстандық өнімнің нарықта бәсекеге қабілетті болуын арттыруға ықпал ете отырып, ел экономикасын дамытуда маңызды рөл атқарады.
— Жергілікті қамтуды және ел ішінде тауарларды локализациялау деңгейін арттыру — бұл ҚазМұнайГаз басымдық беретін бағыт қана емес, сонымен қатар ерекше назар аударатын стратегиялық міндет. Биылғы бірінші жартыжылдықта ҚМГ сатып алуларындағы елішілік құндылық үлесі жалпы көлемнің 75% (851 млрд теңге) жетті, соның ішінде тауарлар бойынша 51% және жұмыстар мен қызметтер бойынша 83%, — деді А.Хасенов.
Бұл ретте барлық сатып алудың 92% немесе 790 млрд теңгеге жуығы қазақстандық кәсіпорындарға берілді. ҚМГ компаниялар тобының барлық сатып алу көлемінің 40% Маңғыстау облысына тиесілі.
Қазақстандық қамту үлесін арттыруға бағытталған белсенді жұмыс «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның барлық ірі жобалары бойынша жүргізілуде.
Атап айтқанда, «Мұнай-газ машина жасау саласын дамытуға арналған халықаралық орталық» қауымдастығына (IMB орталығы) қосылған «Kalamkas-Khazar Operating» ЖШС форум алаңында қазақстандық компаниялармен ынтымақтастық туралы бірқатар келісім/меморандумға қол қойды.
Отандық жеткізушілер Маңғыстау облысында іске асырылып жатқан, инвестиция көлемі $6 млрд (3,3 трлн теңге) асатын «Қаламқас-теңіз — Хазар» ірі жобасы үшін сорғы жабдықтарын, кабель өнімдерін, коррозияға қарсы мониторинг жүйелерін, оқшаулау материалдарын, химиялық реагенттерді, құбырларды, фланец, фитинг, сондай-ақ модульдік ғимараттарды жасап шығаруды жоспарлап отыр.
Мұнай-газ-химия жобаларын іске асыру кезінде де жергілікті өндірістерді дамытуға баса назар аударылуда. «АтырауМұнайМаш» кәсіпорны Атырау облысында жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін болашақ зауыттың пиролиз қондырғысына арналған бағандар мен негізгі жабдықтарды дайындауға кірісті. «Полиэтилен» жобасының инвестиция сомасы — $7,4 млрд.
IMB орталығының тағы бір жаңа қатысушысы «KMG Petrochem» ЖШС болды. Форумда компанияның қауымдастыққа қосылуы туралы ресми келісімге қол қойылды. ҚМГ-ның еншілес ұйымы жалпы инвестиция көлемі $2,8 млрд болатын Газ сепарациялық кешен мен магистралды құбырлар сияқты инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруда.
Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы отандық өндірушілерге офтейк-келісімшарт тетігі арқылы қолдау көрсетеді. 2025 жылы ҚМГ шамамен 16 млрд теңгеге осындай 109 келісімшарт жасасты. 2019 жылдан бері барлығы 78 млрд теңгеге 466 келісімшартқа қол қойылды.
Жергілікті қамтуды дамыту жөніндегі жүйелі саясаттың нәтижесінде Жаңаөзен қаласында «Каскор-Машзавод» АҚ-ның мұнай-газ жабдықтарын өндіретін зауыттың құрылысы аяқталды. Инвестиция көлемі 17 млрд теңгені құрады. Негізгі тапсырыс беруші — «Өзенмұнайгаз» АҚ. ҚМГ-ның еншілес компаниясы жаңа зауытпен сорғы-компрессорлық құбырлар мен сорғы штангаларын жеткізуге 2025-2028 жылдарға арналған ұзақ мерзімді шартқа қол қойды.