ҚМГ басшысы мен Түркия елшісі екі елдің геологиялық барлау саласындағы ынтымақтастық жоспарларын талқылады
20.01.2026
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Түркия Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Мұстафа Капуджумен кездесті.
Екі елдің геологиялық барлау саласындағы ынтымақтастықтың жай-күйі мен перспективалары талқыланды. ҚМГ мен Түркияның «Turkish Petroleum Corporation» (TPAO) мемлекеттік компаниясы арасындағы қарқынды өзара іс-қимылы атап өтілді.
Бұдан бұрын ТРАО мамандары біздің еліміздегі перспективті барлау учаскелеріне зерттеу жүргізген болатын. Талдау қорытындысы бойынша түрік серіктестері «Үлкен Жамбыл» (Солтүстік Каспий) оффшорлық жобасына қызығушылық танытты. Қазіргі уақытта ТРАО аталған учаске бойынша өзінің егжей-тегжейлі техникалық-экономикалық бағалауын жүргізуде.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар Қазақстан мен Түркияның энергетикалық әлеуетін дамыту үшін геологиялық барлау саласындағы ынтымақтастықты нығайтуға дайын екенін білдірді.