ҚазМұнайГаз Ливияның Ұлттық мұнай корпорациясымен ынтымақтастықты нығайтуға ниетті
08.05.2025
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Ливия мемлекетінің Қазақстандағы елшісі Аладдин Абдусалам Лехуайкпен кездесті.
Тараптар Қазақстан мен Ливия арасында мұнай-газ саласындағы ынтымақтастықты нығайту мүмкіндіктерін талқылады.
Ресурс қорына бай араб мемлекеті әлемдік энергетика нарығында маңызды орын алады. Ливияның көмірсутекті барлау, өндіру, тасымалдау және өңдеуді қоса алғанда, мұнай-газ инфрақұрылымын дамытуда мол тәжірибесі бар.
- ҚазМұнайГаз диалог орнатуға ашық және ливиялық әріптестерімен кадр даярлау, олардың біліктілігін арттыру және мұнай-газ саласының мамандары арасында тәжірибе алмасу бағыттары бойынша өзара іс-қимылды дамытуға дайын. Ынтымақтастығымыз Қазақстан мен Ливияның экономикалық байланыстарын нығайтуға ықпал ететініне сенімдімін, - деді А.Хасенов.
Өз кезегінде А.А.Лехуайк мырза екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуге бағытталған қарым-қатынасты жандандыруға дайын екенін айтып, екі ел арасында энергетика саласындағы өзара іс-қимылдың әлеуеті жоғары екенін атап өтті.