Полиэтилен зауытының құрылысы: 2026 жылдың қыркүйегіндегі жағдай
30.09.2026
Атырау облысында жылына 1,25 млн тонна полиэтилен өндіретін Силлено зауытының құрылысы жалғасуда.
Қазіргі уақытта пиролиз, полимерлеу қондырғыларында және жалпы зауыттық шаруашылық нысандарында жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде ғимараттар мен құрылыстарды салу, инженерлік желілерді жүргізу және технологиялық жабдықтарды монтаждау жұмыстары бар.
Полиэтилен өндірісіне қажетті негізгі шикізат — этилен шығаратын пиролиз қондырғысында ғимараттар, жабдықтар мен эстакадаларға арналған іргетас құю (73%), металл конструкцияларын монтаждау және технологиялық құбырларды алдын ала құрастыру жұмыстары жүргізілуде.
Алғашқы ірі габаритті технологиялық жабдық — биіктігі 101,8 метр этиленді фракциялау бағанасы орнатылды. Жабдық Қазақстанда «АтырауНефтеМаш» зауытында өндірілген. Сонымен қатар пештер мен криогендік резервуарларды монтаждау жұмыстары жалғасуда.
Полимерлеу қондырғысы мен зауыттың жалпышаруашылық нысандарында қада қағу (88%) және іргетас құю жұмыстары жүргізілуде.
Жобаны іске асыруда жалпы ілгерілеу көрсеткіші 39%-дан асты. Жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.
Құрылыс алаңына 5 000-нан астам адам және 500-ден астам арнайы техника жұмылдырылды.