ҚМГ-ның Румыниядағы «Petromidia» зауытында жаңа жылу электр станциясының технологиялық сынақ жұмыстары сәтті аяқталды
03.07.2025
Жаңа жылу электр станциясының екі газ турбинасында когенерация тәртібінде іске қосу-баптау сынақтары мен олардың техникалық талаптарға сәйкестігін тексеру жұмыстары биыл ақпан-маусым айлары аралығында жүргізілді. Өлшеу және басқару жүйелері, соның ішінде табиғи газды және МӨЗ-ден мұнай газын беру жүйелері тестіленді, сондай-ақ зауыттың бу жүйелері дайындалды.
Сынақ жұмыстарының түпкілікті нәтижелерімен «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Болат Закиров және Румынияның Энергетика министрі Богдан-Груе Иван танысты. Аталған жұмыстарды қабылдау іс-шарасына Қазақстан Республикасының Румыниядағы елшісі Ерлік Әли және KMG International (Rompetrol) басшылығы да қатысты.
«Petromidia» мұнай өңдеу зауыты үшін жеке ЖЭО салу жобасы – бұл Румыния, Қазақстан және Түркиядан келген инженерлер, жобалаушылар мен басқа да мамандардың көп жылғы ортақ жұмысының нәтижесі. Жаңа жылу электр станциясы «Petromidia» зауытының энергия қуатына тәуелділігін төмендетуге, шығынды оңтайландыруға, электр энергиясы мен будың үздіксіз жеткізілуін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ KMG International компаниялар тобы аясында энергиямен жабдықтау бойынша стратегиялық бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді», - деді Б.Закиров.
Биыл наурыз- сәуір айларында жобаның маңызды кезеңіне қол жеткізілді. Нақтылап айтқанда, SGT-750 екі турбина барлық конфигурацияда ұлттық энергетика жүйесімен толық біріктіріліп, электр энергиясы өндіріле бастады. Сынақ жұмыстары басталғалы бері мұнай өңдеу зауытының қажеті үшін сағатына 11 000 МВт аса электр энергиясы өндірілді, ал 2025 жылдың шілдесінен кәдеге жарату қазандықтарында бу өндірісі басталады.
Қазіргі уақытта ЖЭО-ны мердігер компаниялардың және негізгі жабдықтарды (газ турбиналары, қазандықтар, автоматтандырылған басқару жүйесінің блоктары және т.б.) жеткізген компаниялардың өкілдерінен құралған бірлескен жобалау командасы басқарады. Жылу орталығы биыл тамыз айының соңында Румынияның тиісті мемлекеттік органдары сертификаттар мен рұқсат құжаттарын бергеннен кейін пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
Жаңадан салынған жылу электр орталығы сағатына шамамен 80 МВт өндіріп, «Petromidia» МӨЗ-нің энергия көздеріне қажетін толығымен өтейді (60-70 МВт/сағ). Сонымен қатар максималды тұтыну сұранысын қамтамасыз ете отырып, технологиялық буды сағатына 180 тоннасына дейін жеткізетін болады. Жалпы жоба KMG International тобының электр энергиясына жұмсалатын шығынын 43%-ға төмендетіп, қосымша табыс көзіне айналады.