ҚазМұнайГаз-дың еншілес компаниясы - KMG PetroChem карбамидті егіс алқаптарында сынауға кірісті
23.04.2025
KMG PetroChem СНПС-Ақтөбемұнайгаз және ҚР Президенті жанындағы Ұлттық ғылым академиясымен серіктестікте карбамид тыңайтқышын егіс алқаптарында сынауға кірісті. Бұл бастама отандық агро саласы қызметкерлерімен бірлесіп, тыңайтқыштың ауыл шаруашылығы өндірісінде қолдану тиімділігіне ғылыми тұрғыда баға беру, сондай-ақ елдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігін тигізу мақсатында іске асырылуда. Алдағы уақытта дәл осындай сынақ жұмыстары Қостанай, Ақмола және Ақтөбе облыстарында жүргізіледі.
Алғашқы сынақ алаңы ретінде Алматы облысындағы «ҚазҒЗИ егіншілік және өсімдік шаруашылығы» ЖШС алқабы таңдалды. Жоба аясында жалпы көлемі 600 гектарға жуық аумаққа 90 тонна карбамид себу жоспарланған. Ғылыми тұрғыда бақылауды қазақстандық жетекші ғалымдар жүргізеді. Топырақ пен өсімдік сынамаларын іріктеу бүкіл вегетациялық кезеңде жүргізіледі.
Агроалқаптардағы сынақ нәтижесі бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігі және елдің аграрлық секторы үшін ашық ғылыми есеп жинақталады. Сондай-ақ, Қазақстанның түрлі агроклиматтық сипаттамалары бар өңірлерінде карбамид тыңайтқышын қолдану жөнінде практикалық ұсынымдар дайындалады. Жоба шаруаларды заманауи тыңайтқышты қолдану арқылы өнімділікті арттыру мүмкіндіктерімен таныстыруды көздейді.
Қазақстанда тыңайтқыштарды тұтыну деңгейі төмен деңгейде, сондықтан өнеркәсіптік масштабта карбамид өндірісін жолға қою маңызды. Себебі қазіргі кезде тыңайтқыштар тапшылығы байқалуда.
Бұл сынақ Ақтөбе облысындағы Карбамид жобасын іске асыруда маңызды кезеңнің бірі. KMG PetroChem мұнай-газ химиясы саласында халықаралық тәжірибесі бар қытайлық ірі компаниялардың бірі - CNPC-мен серіктестікте аталған жоба құрылысын пысықтауда.