Қызметкерлерге қамқорлық: Өзенмұнайгаз Жаңаөзендегі өндірістік персоналдарға арналған асханаларды жаңартты
09.06.2025
«Өзенмұнайгаз» АҚ (ҚазМұнайГаздың еншілес компаниясы) қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту бағдарламасы аясында өндірістегі персоналға арналған қоғамдық тамақтану орындарын модернизациялау жұмыстарын кеңінен жүргізуде.
2025 жылы 66 техникалық жабдық, құралдар мен жиһаздар сатып алуға 409 млн теңгеден астам қаражат бөлінді. «KMG EP-Catering» компаниясы 102 млн теңгеден астам қаржыға жабдықты сатып алды, 20 жабдық орнатылып, пайдалануға берілді. Бұл жұмыс санитарлық стандарттарды жақсарту, сондай-ақ қызметкерлерге ыңғайлы әрі жайлы жағдайды қамтамасыз ету үшін жүргізіліп келеді.
№2 мұнай-газ өндіру басқармасы мен №4 мұнай-газ өндіру басқармасына қарасты асханалардың жабдықтары толығымен жаңартылды: заманауи пештер, мұздатқыштар, бу конвекторлары, конвейерлік ыдыс жуғыш машина және азық-түлік сақтауға арналған контейнерлер орнатылды. Жаңа техника көп жұмысшыға қызмет етуге мүмкіндік береді.
— Бұл біздің күнделікті жұмысымызды айтарлықтай жеңілдетеді. Жаңа техниканың көмегімен тамақ пісіру тезірек және ыңғайлы, — дейді №4 мұнай-газ өндіру басқармасы асханасының меңгерушісі Замира Изенова.
Тағам рационы мұнайшылар атқарып жатқан ауыр жұмыс деңгейі ескеріліп жасалады, сондай-ақ еңбек әрі санитарлық нормаларға сәйкес бір адамға кемінде 2500 килокалорийді құрайды.
Асханаларды жаңғырту — қызметкерлердің еңбек жағдайын жақсартуға және денсаулығын сақтауға бағытталған «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның тұрақты саясатының маңызды бөлігі. ҚМГ әлеуметтік жауапты компания ретінде осы бағыттағы жұмыстарды жалғастыра береді.