ҚМГ Өзенмұнайгаз кен орындарында цифрлық шешімдерді кеңінен енгізуде
07.10.2026
ҚазМұнайГаз басшысы Асхат Хасеновтің төрағалығымен «Өзенмұнайгаз» АҚ-да (ӨМГ) өндіріс мәселелеріне арналған кеңес өтті. ӨМГ кен орындарын игеру тиімділігін арттыру бағытындағы жұмыстардың нәтижелері қаралды.
Қабат қысымын ұстап тұру және су басу деңгейін басқару мақсатында шамамен 500 айдау ұңғымасында іс-шаралар жүргізілді. Негізгі міндеттердің қатарында ұңғымаларды шығын өлшеу құралдарымен жабдықтау, айдау құбырлары ауыстыру және суды бағыттап айдауды қамтамасыз ету болып қала береді. Сонымен қатар рентабельділігі төмен және сулану деңгейі жоғары ұңғымалар бойынша жұмыс жүріп жатыр.
Кеніштердің күйін бағалауға және оларды одан әрі игеруді жоспарлауға мүмкіндік беретін тұрақты қолданыстағы геологиялық-гидродинамикалық модельдерді құру жұмыстары жалғасуда. Өзен кен орны бойынша 13–14-ші горизонттардың үлгілері жаңартылып, қалған горизонттарды модельдеу жүргізілуде. Осындай жұмыс Қарамандыбас кен орнында да атқарылуда.
Мұнай алу коэффициентін арттыру және жаңа нысандарды қосымша барлау есебінен қор көлемін ұлғайту - басым міндеттердің бірі. Қазіргі уақытта триас шөгінділерінің бағалау ұңғымасын бұрғылау жалғасып, кернді іріктеу жұмыстары жүргізілуде. Қазан айының соңында Батыс Теңге кен орнында терең бағалау ұңғымасын бұрғылауды бастау жоспарланып отыр. Жыл қорытындысы бойынша геологиялық қор 980 мың тоннаға өседі деп күтіледі.
Жөндеуаралық кезеңді ұлғайту мақсатында ұңғымалар электрлі ортадан тепкіш сорғы қондырғыларына ауыстырылуда, олардың саны 510-нан асты. Бұдан бөлек, 1980 ұңғымада қорғаныш жабыны бар сорғы-компрессорлық құбырлар мен сенімділігі жоғары штангалар қолданылып келеді. Бұл жабдықтардың жөндеуге дейінгі жұмыс мерзімін ұлғайтып, мерзімінен бұрын істен шығу жағдайларын азайтуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ жаңа терең-сорғы жабдықтарының 80 жиынтығына тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтар жүргізілуде.
Сонымен қатар кен орындарын тиімді игеру үшін инфрақұрылымды жаңғырту және жасанды интеллект негізінде цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстары жалғасуда. Геологиялық-техникалық іс-шараларды іріктеу кезінде ЖИ қолданудың алғашқы нәтижелері алынды. Жыл басынан бері ABAI цифрлық платформасы арқылы мұнай өндіруді ұлғайту мақсатында 49 ұңғымаға арналған іс-шаралар таңдалды.
Өндірістік және геологиялық-кәсіпшілік деректерді біріктіретін Цифрлық телнұсқа жобасы іске асырылуда. Бұл кен орнының жұмысын талдауға, түрлі сценарийлерді модельдеуге және тиімді өндірістік шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді.
Жиын қорытындысы бойынша Асхат Хасенов жаңа технологиялар мен цифрлық шешімдерді енгізу жұмыстарын жалғастыруды, сондай-ақ кен орындарын игеру тиімділігін одан әрі арттыруды тапсырды.