ҚазМұнайГаздың мұнай өңдеу зауыттары шикізатты өңдеу қызметтеріне өтінім қабылдау процесін цифрландырды
29.08.2025
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) бизнес-процестерді цифрландыру аясында және ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі 2022 жылы бекіткен Негізгі қуатқа тең қол жеткізу қағидаларының талаптарын орындау үшін 2025 жылғы 2 қыркүйектен бастап «Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС, «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС, «ПетроҚазақстан Ойл Продактс» ЖШС мұнайды және (немесе) газ конденсатын өңдеу және (немесе) өңдеу өнімдерін шығару қызметтеріне арналған өтінімдерді тек электрондық форматта қабылдайды. Яғни тапсырыс ҚМГ-ның іс жүргізу жүйесі арқылы беріледі. Contract.kmg.kz сілтемесі бойынша ақпараттық жүйеге кіре аласыз. Бұл жүйеде өтінім беруші контрагент тіркеліп, жеке кабинет ашады. ҚР заңнамасына сай талап етілетін құжаттарды қосып, электрондық форматта өтінім береді, сұранысын тіркейді, одан кейін мұнай өңдеу зауыты өтінімді қарау нәтижелері бойынша кері байланысқа шығады. 2025 жылға арналған мұнай өңдеу қызметтеріне шарт жасасқан мұнай жеткізушілер үшін өтінімді қайта беру қажет емес екенін хабарлаймыз. Бұл талап тек болашақта өтінім беретіндерге ғана қойылады.