Ақтауда ҚМГ-ның мұнай сервисі кәсіпорындарын одан әрі дамыту мәселелері талқыланды
18.04.2026
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Маңғыстау облысына жұмыс сапары кезінде ҚМГ еншілес мұнай сервисі ұйымдарымен жиналыс өткізді. Жиында 2025 жылы атқарылған қызмет нәтижелері және 2030 жылға дейінгі даму жоспарлары қаралды.
«Oil Services Company» (OSC), «Oil Construction Company» (OCC), «Ойл Транспорт Корпорейшэн» (ОТК), «Маңғыстауэнергомұнай» мен «Мұнайтелеком» ЖШС-нің есептері тыңдалды.
Былтыр мұнай сервисі кәсіпорындары Маңғыстау облысында мұнай өндіру деңгейін ұстап тұру мақсатында «Өзенмұнайгаз» АҚ (ӨМГ) және «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ (ММГ) үшін кешенді жұмыстар атқарды. Айталық, 2025 жылдың қорытындысы бойынша ММГ-да 95 ұңғыма бұрғыланып, 5338 ұңғымада жерасты жөндеу жүргізілді. Күрделі жөндеу жұмыстары ӨМГ-нің 703 ұңғымасын және ММГ-ның 608 ұңғымасын қамтыды. Ұңғымаларды жайластыру іс-шаралары ММГ-ның 141 және ӨМГ-нің 203 нысанында жүзеге асырылды.
Сонымен қатар ММГ-ның 150 км болатын құбырлары күрделі жөндеуден өтіп, ӨМГ-нің 102 км мұнай құбырлары мен 28 км газ құбырлары жаңартылды.
Жиын барысында мұнай сервисі кәсіпорындарының 2026-2030 жылдарға арналған даму стратегиялары қаралды. Алдағы уақытта компаниялар операциялық тиімділікті арттыру мен жаңа технологияларды енгізуге ден қояды. Мұнай сервисі бағытындағы қызмет түрлері кеңейтілетін болады, соның ішінде көлденең әрі терең бұрғылаудағы құзыреттерді дамыту, сондай-ақ ұңғымаларды күрделі және жерасты жөндеу жұмыстарының сапасын жақсарту бар.
Бұдан бөлек, ҚМГ-ның мұнай сервисі мекемелері толық өндірістік циклды қамти отырып, инфрақұрылымдық EPC жобаларды дербес іске асыруды және өз қуаттарын дамытуды жоспарлап отыр.
Цифрландыруға ерекше көңіл бөлінуде. Атап айтқанда, ҚазМұнайГаз компаниялар тобының ұңғымаларды күрделі және жерасты жөндеумен айналысатын барлық бригадаға жасанды интеллект (ЖИ) негізінде әзірленген TUMAR интеллектуалды жүйесі таратылатын болады. Жүйе ұңғымаларды жөндеу барысында қауіпті технологиялық операцияларды жүргізу кезіндегі оқыс оқиғалар мен жазатайым жағдайлардың алдын алуға арналған. Бүгінгі таңда ол Маңғыстау облысындағы Жетібай және Қаламқас кен орындарында жұмыс істейтін OSC компаниясының 60 жөндеу бригадасына сәтті енгізілді.
OSC, OCC және ОТК компанияларында бірыңғай автоматтандырылған платформа есебінен көлікті басқару процестерінің тиімділігін арттыратын, операциялық жұмысты жеңілдетіп, қауіпсіздікті қамтамасыз ететін «Сапарларды басқару» цифрлық жобасы іске асырылуда.
Жиын қорытындысы бойынша А.Хасенов тұрақты өсу мен қаржылық орнықтылықты қамтамасыз ету үшін жаңа технологиялық шешімдер мен цифрлық құралдарды енгізу, сондай-ақ энергия тиімділігін арттыру мен шығындарды оңтайландыру бағытындағы жұмысты жалғастыруды тапсырды.