Америкалық мұнай сервисі компаниясы ірі мұнай-газ жобасы аясында қазақстандық кәсіпорынның қызметтерін сатып алады
30.09.2026
Америкалық мұнай сервисі компаниясы ірі мұнай-газ жобасы аясында қазақстандық кәсіпорынның қызметтерін сатып алады
Алматыда өтіп жатқан KIOGE-2026 халықаралық көрмесі және конференциясы алаңында «Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ мен америкалық «Baker Hughes» арасында ірі мұнай-газ жобаларына қызмет көрсету туралы шартқа қол қойылды.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның (ҚМГ) тікелей қатысуымен жасалған шарт қазақстандық ірі кен орындарында пайдаланылатын Baker Hughes Nuovo Pignone газ турбиналары мен компрессорларына инспекция жүргізу және жөндеу қызметтерін локализациялауды көздейді. Бұл жергілікті мамандардың біліктілігін арттырып, отандық кәсіпорындардың өндірістік құзыреттерін нығайтуға мүмкіндік береді.
Бұл келісім – сервистік қызмет көрсету, жабдықтар мен қосалқы бөлшектер өндіру салаларында қазақстандық машина жасаушылар мен тауар өндірушілердің үлесін кезең-кезеңімен ұлғайту бағыттарындағы ҚМГ-ның серіктестері және ірі жобалар бойынша операторларымен бірлесіп жүргізіп жатқан жүйелі жұмысының нақты нәтижесі.
Жалпы, жергілікті қамтуды дамыту және елішілік құндылық үлесін арттыру – ҚазМұнайГаздың ұлттық компания ретіндегі негізгі басымдықтарының бірі. Бұл ретте ҚМГ мұнай-газ кешеніне арналған жабдықтарды жөндеу және оларға қызмет көрсету, техникалық диагностика жасау бойынша жаңа өндірістер ашуға және отандық бизнестің мүмкіндіктерін кеңейтуге жан-жақты қолдау көрсетіп келеді.
Анықтама:
Baker Hughes — америкалық трансұлттық мұнай сервисі корпорациясы. Компанияның 120-дан астам елде өкілдігі бар. Baker Hughes Қазақстанда Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындарына сервистік қызмет көрсетеді және жабдық жеткізеді.
«Батыс Қазақстан машина жасау компаниясы» АҚ – мұнай мен газды өндіруге және тасымалдауға, сондай-ақ энергетика саласына арналған жоғары технологиялық жабдықтарды, металл конструкцияларды және басқа да машина жасау өнімдерін әзірлеумен және шығарумен айналысатын отандық кәсіпорын.