ҚМГ басшысы Павлодар мұнай-химия зауытының инвестициялық жобаларын іске асыру барысын тексерді
23.04.2026
Павлодар облысына жұмыс сапары кезінде «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Павлодар мұнай-химия зауытында (ПМХЗ) болып, негізгі өндірістік нысандарды аралап, инвестициялық жобалардың іске асырылу барысымен танысты.
Зауыт басшылығымен өткен жиында биыл 1 тоқсанда атқарылған жұмыстың қорытындысы табысты болғаны атап өтілді. Осы кезеңде ПМХЗ 1,6 млн тонна мұнай өңдеді. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 56 мың тоннаға артық, сондай-ақ 487 мың тонна бензин мен 577 мың тонна дизель отынын шығарды, ол өткен жылғы көрсеткіштерден тиісінше 20 мың және 70 мың тоннаға көп. Бұдан басқа, зауыт тәулігіне 18 мың тонна мұнай жүктеу деңгейіне жетті, яғни енді жылдық өңдеу 5,8 млн тонна көлемінде болады деп болжауға мүмкіндік бар. Технологиялық отынды жағу мен қайтарымсыз шығын көрсеткіші небәрі 6% құрады.
ПМХЗ «Сенімді» жобасы аясында үш жылдық жөндеу аралық кезеңге көшуге дайындалуда. Бұл кәсіпорынның басты міндеттерінің бірі. Ол үшін активтерді басқару жүйесі, тәуекелі бар жабдықты бақылау және жасанды интеллектке негізделген сараптамалық талдау енгізіледі. Датчиктердің қамту аймағын кеңейту және цифрлық жүйелердің интеграциясын тереңдету жоспарлануда, бұл өсіп келе жатқан жүктемелер кезінде тұрақты жұмысты қамтамасыз етеді. Сонымен қатар мұнайды бастапқы өңдеу (ЛК-6У) және мұнайды терең өңдеу (КТ-1) өндірістерінде пештерді техникалық қайта жарақтандыру жобасы жүзеге асырылуда. Бұл атмосфераға шығатын шығарындыны азайтуға және технологиялық жануды төмендетуге мүмкіндік береді.
Дизель отынын гидротазарту қондырғысын реконструкциялау жобасы қарқынды іске асырылуда. Жұмыстар аяқталғаннан кейін зауыт жыл сайын кемінде 160 мың тонна көлемінде қысқы дизель отынын шығара алады. Бұл процесті қажетті сутегі көлемімен қамтамасыз ету үшін ПМХЗ аумағында қуатты сағатына 12,5 мың текше метр болатын сутегі өндіретін екінші қондырғы салынуда.
Павлодар мұнай-химия зауытын дамытудың маңызды бағыты – кәсіпорынның өндірістік қуатын кеңейту. Қазіргі кезде жобаның конфигурациясын анықтау процесі жүргізіледі. Іске асыру мерзімдерін оңтайландыру мақсатында техникалық-экономикалық негіздемені (ТЭН) жобалық-сметалық құжаттамамен біріктіріп әзірлеу туралы шешім қабылданды. Бұл тәсіл ТЭН параметрлері бекітілгеннен кейін жобалаудың негізгі кезеңдеріне бірден кірісуге мүмкіндік береді.
Жабдықтардың сенімділігі, еңбекті қорғау және өнеркәсіптік қауіпсіздік негізгі басымдықтар болып қала береді. Биыл ПМХЗ жасанды интеллект элементтері бар «Computer vision» жүйесін ауқымды көлемде енгізуді жүзеге асыруда.
ҚМГ басшысы жиын қорытындысы бойынша негізгі инвестициялық жобаларды іске асыруды жеделдетуді, Мемлекет басшысы белгілеген міндеттер аясында операциялық тиімділікті арттыру және цифрлық шешімдерді енгізу бағыттарындағы жұмыстарды жалғастыруды тапсырды.