Қаражанбас кен орнын дамыту бойынша алдағы басымдықтар айқындалды
09.10.2026
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Маңғыстау облысына жұмыс сапары аясында «Қаражанбасмұнай» АҚ (ҚБМ) қызметінің мәселелеріне арналған кеңес өткізді. Мұнай алу коэффициентін ұлғайту стратегиясын іске асыруға басты назар аударылды.
Биылғы 9 айдың қорытындысы бойынша ҚБМ 1 млн 549 мың тонна мұнай өндірді. Қосымша мұнай өндіру көлемін қамтамасыз ету үшін кәсіпорында мұнай алу коэффицентін арттыруға бағытталған шаралар кешені қолға алынды. Айталық, кен орынның Теңіз жағалауы аймағында жаңа ұңғымалар игеруге енгізіліп жатса, Шығыс учаскесінде бу мен суды кезектесіп айдаумен бірге бу-жылу арқылы әсер ету технологиялары іске қосылуда. Бұл шаралар полимерлі су айдау және бүйірлік оқпандарды бұрғылау әдістерімен қатар мұнай өндіру көлемін арттыруға ықпал етеді.
Бүйірлік оқпандарды бұрғылау тәжірибесі сәтті болды. Биыл бұл технология оқпандардың болмауы салдарынан тоқтатылып, бос тұрған қордың үш ұңғымасында қолданылды. Нәтижесінде олар қайта іске қосылды. Мұнай алу коэффициентін одан әрі ұлғайту мақсатында қиын жерлерде орналасқан, көлденең аяқталатын төрт ұңғыманы бұрғылау жұмыстары жоспарланып отыр. Осы ұңғымалардың біреуі Теңіз жағалауы аймағында бұрғыланады.
Жағалау аймағын дамыту - ресурстық базаны толықтыруға бағытталған ҚБМ-ның негізгі жобаларының бірі. Оны іске асыру геологиялық қор көлемін 12 млн тоннаға дейін, ал алынатын қорды 3 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта учаскеде 30 ұңғыма, оның ішінде 8 бағалау және 22 пайдалану ұңғымасы бұрғыланды.
Компанияда цифрлық шешімдер жүйелі түрде енгізіліп келеді. 2026 жылдың қыркүйек айынан бастап ҚБМ-да «Сапарларды басқару» ақпараттық жүйесі қолданылуда. Оны кәсіпорын автопаркінің жұмысын оңтайландыру үшін ҚМГ мен «KMG Digital» ЖШС бірлесіп әзірледі. Аса қауіпті жұмыстарға рұқсат беруді автоматтандыру үшін «электрондық наряд-рұқсат» жобасы іске қосылды, еңбекті қорғау саласындағы бұзушылықтардың алдын алу үшін TUMAR бейнеталдау жүйесінің ауқымы кеңейіп жатыр. ABAI ақпараттық жүйесі аясында өндірісті оңтайландыру және инженерлік есептеулердің дәлдігін арттыру үшін жасанды интеллект алгоритмдері әзірленуде.
Жиын соңында ҚМГ басшысы мұнай алу коэффицентін ұлғайтуға, ресурстық базаны толықтыруға және цифрлық шешімдерді енгізуге бағытталған стратегиялық жобаларды іске асыруды жалғастыруды тапсырды.