Жаңаөзендегі газ өңдеу зауытының құрылысы: резервуарлардың монтажы басталып, жабдықты Қазақстанға жеткізу жұмыстары жалғасуда
07.10.2026
Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Жаңаөзен қаласында салынып жатқан газ өңдеу зауытының құрылыс алаңында болды.
Қазіргі уақытта көлемі 500 м³ болатын жеңіл көмірсутектердің кең фракциясын (ЖККФ) және көлемі 2000 м³ болатын сұйытылған көмірсутек газдарын (СКГ) сақтауға арналған сфералық резервуарлардың монтажы басталды. Айта кетсек, бұдан бұрын өртке қарсы су қоры резервуарларының (6000 м³), сондай-ақ СКГ, ЖККФ және пентан-гексан фракциясы (1000 м³) резервуарларының іргетасын орнату жұмыстары аяқталды. Сонымен қатар сыртқы электрмен жабдықтау нысанының құрылысы бітіп, іске қосу-баптау жұмыстарына дайындық жүріп жатыр.
Негізгі өндіріс және жалпы зауыттық шаруашылық нысандары бойынша жер жұмыстары мен іргетастарды орнату жалғасуда. Бетон жұмыстарының жалпы көлемі шамамен 63 мың м³ құрайды. Қазан айының басындағы жағдай бойынша 15,7 мың м³ бетон төселді. Құрылыс-монтаж жұмыстарына тартылған ресурс саны кезең-кезеңімен артып келетінін атап өткен жөн.
Ұзақ уақыт дайындалатын жабдықтарды жасау мен жеткізу, сондай-ақ технологиялық модульдерді құрастыру жұмыстары жалғасуда. Қазіргі уақытта 240 позицияның 133-і дайын, тағы 107 позиция әзірленуде. Ұзақ дайындалатын жабдықтарды жасау бойынша жиынтықты нақты ілгерілеу көрсеткіші 60,8% жетті.
Модульдерді теңіз арқылы жөнелту биыл 16 тамызда басталды. Қазіргі уақытта жабдық тиелген үш кеме Қазақстанға келе жатыр, тағы бір кеме Қытайдағы порттан шығуға дайындалуда. Бұдан кейінгі жабдықтар жобаны іске асыру кестесіне сәйкес кезең-кезеңімен жөнелтілетін болады. Еске сала кетсек, жаңа газ өңдеу зауыты модульдік әдіс негізінде салынып жатыр: негізгі технологиялық модульдер зауытта дайындалып, кейін монтаждау үшін құрылыс алаңына жеткізіледі.
Жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылуда. Жаңа кәсіпорынның қуаты жылына 900 млн м³ табиғи және ілеспе газды құрайды. Зауыт тауарлық және сұйытылған мұнай газын, сондай-ақ пентан-гексан фракциясын шығарады. Бұл Маңғыстау облысының тұрғындары мен өнеркәсіптік кәсіпорындарын газ өнімдерінің қосымша көлемімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.