Атырау облысында магистралды этан және пропан құбырларының құрылысы басталды
22.10.2026
22 қазан күні «Атырау облысындағы бірыңғай торапта магистралды құбырларды (этан, пропан) салу» жобасы басталды.
KMG PetroChem («ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның еншілес компаниясы) жүзеге асыратын жоба сұйытылған этан мен пропанды Теңіз кен орнындағы Газ сепарациялау кешенінен Қарабатан «ҰИМТ» АЭА аумағындағы полиэтилен мен полипропилен өндіретін газ-химия кәсіпорындарына дейін сенімді, қауіпсіз әрі үздіксіз тасымалдауды қамтамасыз етеді. Бұл объектілер көмірсутекті терең өңдеп, қосылған құны жоғары өнім шығаруға негіз болады.
Айта кетейік, бұл еліміздегі этан мен пропанды тасымалдайтын алғашқы магистралды құбыр болмақ. Әрқайсысының ұзындығы шамамен 210 км болады. Этан құбырының өткізу қабілеті жылына — 1,6 млн. тоннға, пропан құбырының өткізу қабілеті жылына — 1,1 млн. тоннаға жетеді.
Бұған дейін Қазақстанда іске асырылып жатқан жобаның ерекшеліктерін ескере отырып, магистралды этан және пропан құбырлары үшін әзірленген ТМД-дағы алғашқы техникалық регламент бекітілді.
Жобаны іске асыру барысында отандық жабдықтар мен материалдарды жеткізушілерді, мердігерлік және сервистік ұйымдарды, сондай-ақ білікті кадрларды тарту арқылы қазақстандық қамту үлесін ұлғайтуға ерекше назар аударылатын болады. Бұл жергілікті бизнеске және өндірістік кооперацияны дамытуға қосымша мүмкіндіктер ашады.
Қазіргі уақытта пропан құбырына арналған құбырлар өндірісі басталып кетті. Төмен температурада пайдалану талаптарына сәйкес келетін көміртекті және қоспаланған болаттан жасалған жіксіз құбырлар қарастырылған.
Құбырлардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әрбір 5-10 км сайын автоматтандырылған бекіту арматурасы бар желілік кран тораптары, сонымен қатар ағып кетуді анықтау жүйесі мен газ анализаторлары қарастырылған.
Жобаның әлеуметтік-экономикалық тиімділігі де айтарлықтай: құрылыс жұмыстары кезінде 1 300-ге дейін жұмыс орнын ашу жоспарланған. Жұмысқа қабылдау кезінде Атырау облысының тұрғындарына басымдық беріледі. Бұл Атырау облысының Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы, «KMG PetroChem» ЖШС және мердігер ұйым - «ЧППИ (Қазақстан)» ЖШС арасында қол қойылған үшжақты ынтымақтастық туралы меморандумда көзделген. Құбырларды пайдалану кезеңінде шамамен 170 тұрақты жұмыс орны ашылатын болады.
Объектілерді пайдалануға беру 2028 жылдың соңына жоспарланған. Жаңа инфрақұрылым мұнай-газ химиясы зауыттарының тұрақты жұмыс істеуіне және саланың одан әрі дамуына негіз болады.
Анықтама:
Жобаны «KMG PetroChem» ЖШС CITIC Construction Co., Ltd. және «ЧППИ (Қазақстан)» ЖШС қатысуымен China Petroleum Pipeline Engineering Co., Ltd. басқаратын халықаралық консорциуммен серіктестікте жүзеге асырады.