ҚазМұнайГаз және MOL Group екіжақты ынтымақтастықты кеңейтуде
01.03.2025
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Будапешт қаласында (Мажарстан) MOL Group басшысы Жолт Эрнадимен кездесу өткізді. Кездесуде екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары, сондай-ақ бірлескен жобаларды іске асыру жоспарлары талқыланды.
Атап айтқанда, тараптар «Рожков» кен орнын игеру барысын қарастырды. Бұл кен орны бойынша ҚМГ мен MOL Group серіктес компаниялар.
2024 жылы кен орнында 301 млн текше метр газ және 222 мың тонна конденсат өндірілді. 2025 жылы 527 млн текше метр газ және 351 мың тонна конденсат өндіру жоспарланып отыр.
Кен орнын толық көлемде игеру өңірдің (БҚО) әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беріп, қосымша жұмыс орындарын ашады.
Кездесуге қатысушылар сондай-ақ екіжақты өзара іс-қимылдың түрлі аспектілерін талқылады. Кездесу қорытындысы бойынша тараптар серіктестікті одан әрі нығайтуға дайын екендігін білдірді.