Маңғыстаумұнайгаз кен орындарында мұнай өндіру көлемін арттыру үшін жаңа технологиялар енгізілуде
08.10.2026
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның (ММГ) Жетібай кен орнына барып, кәсіпорын қызметінің негізгі бағыттары бойынша жиын өткізді.
Биыл 9 айда ММГ шамамен 4 млн 552 мың тонна мұнай өндірді. ММГ-ның негізгі кен орындары игерудің соңғы кезеңінде тұрғанын ескере отырып, компания мұнай алуды ұлғайту және өндіру көлемінің төмендеу қарқынын тежеу бағытында кешенді шараларды жүзеге асыруда.
Кәсіпорында өтпелі ұңғымалар қорында жаңа технологиялар енгізілуде. Қаламқас кен орнында бір мезгілде бөлек айдау әдісінің тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтары сәтті аяқталды, ал бір мезгілде бөлек өндіру технологиясын сынақтан өткізу жалғасып жатыр. Жиі жөндеуді қажет ететін ұңғымаларда сорғылар мен штангалардың жаңа түрлері, сондай-ақ қорғаныш қаптамасы бар сорғы-компрессорлық құбырлар қолданылуда. Жаңа сорғылар орнатылған 43 ұңғымада істен шығу жағдайлары үш есеге жуық қысқарды.
Геологиялық қоры 20 млн тоннадан асатын спутниктік карбонатты кен орындарын игеру жұмыстары да белсенді жүргізілуде. Биыл қыркүйекте Асар кен орнында тереңдігі 2107 метр болатын көлденең ұңғыманы бұрғылау басталды. Ал Шығыс Жетібай, Айрантақыр және Бұрмаш кен орындарында алты өндіру ұңғымасын бұрғылау жоспарланған. Спутниктік кен орындарындағы өндіріс көлемін ұлғайту үшін қабатты радиалды ашу, бүйірлік оқпандарды бұрғылау, электрлі ортадан тепкіш сорғыларды түсіру және қабатқа циклдік әсер ету (huff-n-puff) технологиялары қолданылуда.
Мұнай өндіру көлемін ұлғайтудың маңызды әдістерінің бірі — қабатты гидравликалық жару (ҚГЖ). Бұл технология әсіресе спутниктік кен орындар мен Жетібайдағы өткізгіштігі төмен жыныстарының учаскелерінде тиімді. Жыл сайын орта есеппен 300 ұңғымада ҚГЖ жүргізіліп, соның есебінен жылына шамамен 400 мың тонна мұнай өндіріледі.
Сонымен қатар кәсіпорын геологиялық барлау жұмыстарын дамыту тұжырымдамасын және 2032 жылға дейінгі Жол картасын әзірледі. Аталған шараларды іске асыру өндіріс қорын 38 млн тоннаға ұлғайтуға мүмкіндік береді. Қаламқас кен орнында белгіленген аумақты кеңейту жұмыстары аяқталып, төрт бағалау ұңғымасы бұрғыланды.
Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында цифрлық шешімдерді енгізу жалғасуда. «АЛЫП» бағдарламасы бойынша пилоттық жоба сәтті іске асқаннан кейін «Мобильді шолушы» жүйесін ММГ-ның барлық мұнай-газ өндіру цехтарына енгізу туралы шешім қабылданды. Осы жылдың тамыз айынан бастап Қаламқас пен Жетібай кен орындарында көлікке электронды өтінім беру жүйесі жұмыс істей бастады, сондай-ақ электронды наряд-рұқсат енгізілді. ABAI ақпараттық жүйесін дамыту жұмыстары да жалғасуда.
Жиын қорытындысы бойынша Асхат Хасенов ММГ-ның мұнай алу көлемін ұлғайтуға, өндіру тиімділігін арттыруға және өндірістік инфрақұрылымның сенімділігін қамтамасыз етуге бағытталған технологиялық шешімдерді енгізу жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.