Қазақстанның оңтүстігінде ірі жел электр станциясының құрылысы басталды
18.03.2026
Жамбыл облысында «Мирный» жел электр станциясы (ЖЭС) құрылысының іргетасына капсула салу рәсімі өтті.
Жобаны Қазақстан Республикасы мен Франция Республикасы арасындағы стратегиялық серіктестік аясында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ және «TotalEnergies» энергетика компаниясы бірлесіп іске асыруда.
Қуаты 1 ГВт болатын ЖЭС Мойынқұм ауданында салынады. Нысан энергияны жинақтаудың озық жүйесімен жабдықталады. Инвестицияның жалпы көлемі шамамен $1,2 млрд құрайды, оның басым бөлігі – шетел капиталы. Ол 2028 жылдың IV тоқсанында пайдалануға беріледі деп жоспарланған.
— Жаңа жел электр станциясының Қазақстан үшін стратегиялық маңызы зор. Жоба еліміздің оңтүстік өңірлерін энергиямен жабдықтау сенімділігін күшейтуге бағытталған. Оны іске асыру ҚР энергия жүйесін нығайтуға, жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыруға, жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етіп, Жамбыл облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қосымша серпін береді, — деп атап өтті ҚМГ Басқарма төрағасының орынбасары Қазбек Құсайынов.