KPI алғашқы миллион тонна полипропилен жөнелтті
21.04.2026
ҚазМұнайГаз Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау аясында көмірсутек шикізатын терең өңдеуге және қосылған құны жоғары өнім өндіруге басымдық бере отырып, мемлекеттік өнеркәсіптік саясатқа сәйкес мұнай-газ химиясы саласын дамытып келеді.
Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. газ-химия кешені 2022 жылы іске қосылғаннан бері миллион тонна полипропилен жөнелтті.
Айта кетейік, өткен жылдың қорытындысы бойынша KPI полипропилен өндірісін 2024 жылмен салыстырғанда 50% арттырып, сенімді өсім көрсетті. Кәсіпорын 186,6 мың тонна өнім шығарды (ҚМГ үлесіне).
Полипропиленді ішкі нарыққа сату 71,3% өсті. Ал экспортқа полипропиленді өткізу көлемі 44% ұлғайды.
KPI қазақстандық өндірушілерді қолдауды жүйелі түрде кеңейтуде. Астана, Алматы және Шымкент қалаларында өңірлік қоймалар желісін құру логистика тізбегін барынша қысқартып, отандық қайта өңдеушілердің сұраныстарына жедел жауап беруге жол ашты. Компанияның барлық алаңынан (Атырау қаласындағы зауыт қоймасын қоса алғанда) 2026 жылдың бірінші тоқсанында ішкі нарыққа жөнелтілген өнім көлемі шамамен 10 мың тонна полипропиленді құрады.
2025 жылдың қорытындысы бойынша жалпы клиенттік база 105-тен 150 компанияға дейін өсті. Ал биылғы бірінші тоқсанда қазақстандық клиенттер саны 165 компанияға жетті.