ҚазМұнайГазда жас мамандармен кездесу өтті
23.08.2024
23 тамызда Астанада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) компаниялар тобының жас мамандары ұлттық компания басшылығымен кездесті. Мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күні қарсаңында өткен жиында жастар саясаты мәселелері талқыланды.
Іс-шараға ҚМГ-ға қарасты өндірістік компаниялардың жас мамандары – Жастар істері жөніндегі кеңестердің төрағалары шақырылды.
Кездесуге қатысқан ҚМГ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Жастар кеңесінің компания дамуындағы рөлі, осы бағытта алдағы жылға арналған негізгі мақсаттар мен міндеттері туралы айтты.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде жастар саясатын дамытудың маңызын бірнеше рет атап өткен болатын. Бүгінгі жиынның мақсаты — ұрпақтар сабақтастығын және мотивациялық ортаны нығайту. Ұлттық компанияның әрбір жас қызметкері өз мүмкіндігін толық пайдаланып, жұмысында жақсы нәтижелерге қол жеткізе алады», - деді Асхат Хасенов. Ол жас мамандарға белсенділіктері үшін алғыс айтып, қызметтеріне табыс тіледі.
ҚазМұнайГаз Кадр әлеуетін дамыту стратегиясын іске асырып, қызметкерлер арасында белсенді әрі талантты көшбасшыларға үнемі қолдау көрсетеді. Жыл сайын өндірістік тағылымдамалар, студенттерге арналған дуалды оқыту бағдарламалары, тәлімгерлік жобалар іске асырылады.
Стратегиялық сессия кезінде жас мамандар еліміздің мұнай саласының қайраткерлерімен кездесті. ҚМГ Директорлар кеңесінің мүшесі Ұзақбай Қарабалин, ҚМГ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Құрманғазы Есқазиев және мұнай-газ кешенінің ардагері Төлеген Хасанов жастармен өз тәжірибелерін бөлісті. Кездесу жылы атмосферада өтті. Әңгіме барысында аға буын өкілдері Қазақстан мұнай-газ өнеркәсібі қалыптасуының күрделі кезеңдері туралы айтып берді.
Стратегия және инвестиция портфелін басқару департаментінің басшысы баяндама жасады. Стратегиялық сессияның бағдарламасы сондай-ақ компанияның жаңартылған жастар саясаты тұжырымдамасының жобасын, тұрақты даму мәселесін, ESG күн тәртібін, HR бастамасын және ұлттық компания қызметінің басқа да өзекті мәселелерін қамтыды.
ҚазМұнайГаз БҰҰ-ның тұрақты дамуының 17 мақсатын берік ұстанады: Тұрақты дамудың 8-ші мақсаты (лайықты жұмыс және экономикалық өсу) аясында ҚМГ өндіріске жас мамандарды тарту және дамыту бағдарламаларын жүзеге асырып келеді.