Мәжіліс депутаттары «ҚазТрансОйл» АҚ-ның жұмысымен танысты
23.01.2025
ҚР Парламенті Мәжілісінің Экология мәселелері және табиғат пайдалану комитетінің көшпелі отырысына депутаттар, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ мен «ҚазТрансОйл» АҚ басшылары қатысты.
Кездесуге қатысушылар «ҚазТрансОйл» АҚ-ның өндірістік бағдарламалары, экологиялық бастамалары, өнеркәсіптік қауіпсіздік және даму жоспарлары туралы ақпаратты тыңдады. Сондай-ақ оларға компанияның 2025–2033 жылдарға арналған Цифрлық технологияларды дамыту тұжырымдамасы және «Астрахань - Маңғышлақ» магистральды су құбырын дамыту жоспарлары таныстырылды.
Мәжіліс депутаттары «ҚазТрансОйл» АҚ-ның магистральды мұнай құбыры жүйесі арқылы мұнай тасымалдау онлайн режимде бақыланатын Бас диспетчерлік басқармасында болды. Бұл жоба диспетчерлік бақылау және жүк ағынын басқару жүйесін енгізудің аясында жүзеге асты.
Сонымен қатар, табиғи ресурстарды ұтымды және тиімді пайдалану перспективалары талқыланды. ҚазТрансОйл ҚР экологиялық заңнамасының талаптарын, сондай-ақ қоршаған ортаны қорғау саласындағы халықаралық стандарттарды қатаң ұстанады. Компания өзінің нысандарында ауаға зиянды шығарындыларды бақылап, экологиялық менеджмент жүйесін жақсартуға үлес қосып келеді.
«ҚазТрансОйл» АҚ магистральды мұнай құбыры жүйесі бойынша мұнай тасымалдау көлемі 44 млн 887 мың тоннаға жетті, бұл 2023 жылмен салыстырғанда 699 мың тоннаға артық.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ жария және ашық компания ретінде Парламент депутаттары, қоғам қайраткерлері және мемлекеттік органдардың өкілдерімен үнемі кездесулер өткізіп, мұнай-газ саласының маңызды мәселелерін талқылайды.
«ҚазТрансОйл» АҚ - магистральды мұнай құбыры жөніндегі ұлттық оператор. Ол тұрақты өсім көрсете отырып, мұнай тасымалдау нарығында өз позицияларын нығайтып келеді. Компания ішкі және сыртқы нарықтарда, соның ішінде транзиттік бағыт бойынша тасымалдың тұрақтылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.