«Қазақстандық қамту үлесін ұлғайту және тауарлар өндірісін локализациялау — ҚазМұнайГаздың стратегиялық міндеті», — А.Хасенов
15.10.2024
Ақтау қаласында 15 қазанда жергілікті қамтуды қолдауға бағытталған «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ жобаларындағы бизнеске арналған мүмкіндіктер» атты форум өтті. Іс-шараға Қазақстанның барлық өңірінен 100-ден астам отандық тауар өндіруші қатысты.
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов өз сөзінде мұнай-газ саласындағы жергілікті өндірістерді ынталандырудың маңызын атап өтті.
ҚазМұнайГаздың ірі жобаларына отандық өндірушілердің қатысуы ел экономикасының дамуында шешуші рөл атқарып, жаңа жұмыс орындарын ашуға және нарықта қазақстандық өнімнің бәсекеге қабілетті болуын арттыруға ықпал етеді.
«Қазақстандық қамту үлесін ұлғайту және тауарлар өндірісін локализациялау – бұл негізгі басымдық қана емес, сонымен қатар стратегиялық міндет. Бұл мәселеге ҚазМұнайГаз ерекше назар аударып келеді. Отандық өндірушілер импортпен бәсекелесіп қана қоймай, мұнай-газ жобалары үшін тиімділігі жоғары шешімдер ұсына алатындай деңгейде болуына жағдай жасап жатырмыз», - деді А.Хасенов.
Жыл басынан бері ҚазМұнайГаз компаниялар тобы 350 млрд теңгеден аса сомаға тауар сатып алды. Соның 250 млрд теңгеден астамы отандық өндірушілердің өнімін сатып алуға жұмсалды. Бұл жалпы тауар сатып алу көлемінің 72% құрайды.
Бизнес форум алаңында қазақстандық өндірушілер өздері шығаратын трансформатор, кабель, химия, мұнай өндіру өнімдерінің түрлерін ұсынды. ҚМГ еншілес кәсіпорындарының өкілдері өз кезегінде өндірісте пайдаланылатын импорттық жабдықтар мен тауарлардың отандық өніммен толығымен не ішінара ауыстыруға болатын үлгілерін көрсетті.
Мұнайшылар әлеуетті серіктестерге Қазақстан Республикасының аумағында жергілікті өндіріс үшін 334 млрд теңгеге, Жаңаөзенде 20 млрд теңгеге есептелген жобалар ұсынды.
Бұдан бөлек бизнесмендерге мұнай өндіру саласындағы жабдықтарды жөндеу және оларға қызмет көрсету бойынша мұнай сервис орталықтарын ашу ұсынылды. Сонымен қатар ірі мұнай-газ жобаларына («Қаламқас-теңіз, Хазар кен орындарын игеру», «Полиэтилен өндіретін кешен» және «Газ бөлу кешенін салу») арналған қажетті тауарлар мен қызметтер туралы ақпарат берілді.
Форум қорытындысы бойынша ҚазМұнайГаздың еншілес кәсіпорындары отандық өндірушілермен офтейк-келісімшарттар жасасты. Атап айтқанда,
- «Ембімұнайгаз» АҚ мен «Atyrau Oil Service» ЖШС арасында 1 млрд теңгеден астам сомаға мұнай жабдықтарын (тереңдіктегі қарнақты сорғының желілік жетек жүйелері) жасап шығару жөнінде;
- «Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС мен «INTERTRANS C. A» ЖШС арасында 51 млрд теңгеден астам сомаға алкилат (бензинге арналған жоғары октанды қоспа) өндіру жөнінде офтейк-келісімшарт қабылданды.
Бұдан басқа «Өзенмұнайгаз» АҚ, Мұнайлы ауданының әкімдігі және «KazPetroDrilling» АҚ («Қаскор-Машзавод» ЖШС) арасында Маңғыстау облысында болат құю өндірісін ашу туралы меморандумға қол қойылды. Құжаттың мақсаты – мұнай ұңғымаларына арналған жабдықтарды шығару кезінде жергілікті қамту үлесін арттыру.
Айта кетсек, 2024 жылдың басынан бері ҚазМұнайГаз отандық өндірушілермен жалпы 58 млрд теңгеден астам сомаға 107 офтейк-келісімшарт жасасты. Жыл соңына дейін олардың жалпы үлесі 55%-ға жетеді деп күтілуде.
Іс-шара отандық тауар өндірушілерді қолдау және дамыту аясында «Самұрық-Қазына» қорының қолдауымен және «Самұрық-Қазына Контракт» ЖШС-мен бірлесіп өткізілді.
Ақпарат үшін:
Офтейк-келісімшарт (ағылш. off-take) — бұл әлі өндірісте жоқ тауарды жеткізуге арналған келісімшарт, өйткені тауар беруші оны енді өндіріп, тапсырыс берушіге алдын ала белгіленген шарттармен жеткізетін болады. Бұл шара отандық өндірушілерге өзінің өндірістік қуатын жоспарлауға, қауіп-қатерлерді азайтуға мүмкіндік береді, сондай-ақ жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді.