Мұратжан Мұсайбеков Атырау мұнай өңдеу зауытының бас директоры болып тағайындалды
07.08.2026
«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС (АМӨЗ) қатысушыларының кезектен тыс жалпы жиналысының шешімімен зауыттың бас директоры (Басқарма төрағасы) қызметіне Мұсайбеков Мұратжан Жүнісбекұлы тағайындалды.
Жаңа бас директорды кәсіпорын ұжымына «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Әсет Мағауов таныстырды.
Мұратжан Мұсайбеков әр жылдары «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ жүйесінде түрлі қызметтер атқарған. Атап айтқанда, ҚМГ-ның мұнай-газ өңдеу және мұнай-химиясы жобаларын іске асыру жөніндегі директоры, мұнай өңдеу жөніндегі басқарушы директоры, «ҚазМұнайГаз — өңдеу және маркетинг» АҚ бас директорының орынбасары, «KPI Inc.» ЖШС Басқарма төрағасының бірінші орынбасары болды. Сонымен қатар мемлекеттік және жекеменшік ұйымдарда еңбек етті.
ҚМГ басшылығы Атырау мұнай өңдеу зауытының алдына операциялық тиімділікті арттыру, жеңіл мұнай өнімдерінің шығару көлемін ұлғайту, өндірістік процестердің сенімділігі мен энергия тиімділігі деңгейін арттыру, экологиялық жобаларды одан әрі іске асыру, сондай-ақ қызметкерлер үшін жайлы әрі қауіпсіз жағдай жасау жөнінде нақты міндеттер қойды. Зауыттың тұрақты және үздіксіз жұмысының маңызы атап өтілді.
«Атырау мұнай өңдеу зауыты» ЖШС қатысушыларының кезектен тыс жалпы жиналысының шешіміне сәйкес бұған дейінгі кәсіпорынның бас директоры (Басқарма төрағасы) Бишімов Қуаныш Ердәулетұлының өкілеттігі тоқтатылды.