Магистралды мұнай құбырының стратегиялық учаскесінде химиялық зертхана құрылысы аяқталды
08.01.2026
«ҚазТрансОйл» АҚ-ның Ақтөбе мұнай құбыры басқармасының «Әлібекмола» бас мұнай айдау станциясына қарасты «Жаңажол» мұнай қабылдау-тапсыру пунктінде жаңа химиялық зертхананың құрылысы аяқталды.
Нысан Ақтөбе облысындағы «Жаңажол – Кенқияқ» магистралды мұнай құбырының бастапқы шақырымында орналасқан.
Зертхана мұнайдың талдауларын жасауға қажетті жабдықтармен және өлшеу аспаптарымен толық жабдықталған. Сонымен қатар вахталық жұмыс әдісінің ерекшеліктері ескеріліп, заманауи инженерлік инфрақұрылым жүргізілген. Бұл қызметкерлерге қолайлы әрі қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етеді. Тауар-материалдық құндылықтарды сақтау мақсатында зертхана жанынан қойма салынды.
Аталған учаскеде орналасқан заманауи химиялық зертхана стратегиялық маңызға ие. Мұнда ҚазТрансОйлдың магистралды мұнай құбырлары жүйесіне түсетін мұнайдың сапасына бақылау жүргізіледі деп жоспарланып отыр. Атап айтқанда, Жаңажол және Әлібекмола мұнай қабылдау-тапсыру пункттерінен жылына шамамен 3 млн тонна көлемінде немесе Ақтөбе өңірі кен орындарынан жеткізілетін мұнайдың жалпы көлемінің 70%-ына дейінгі бөлігін қамтиды. Одан әрі бұл мұнай отандық мұнай өңдеу зауыттарына тасымалданып, экспортқа жөнелтіледі.
Зертхана сынақтары тәулік бойы жүргізілетін болады, бұл өз кезегінде мұнайды тасымалдау кезінде үздіксіз бақылауды қамтамасыз етеді.