Қарашығанақта газды кері айдауға арналған 6-компрессор пайдалануға берілді
17.11.2026
Қарашығанақ кен орнындағы газды кері айдауға арналған 6-компрессор мұнай өндірудің жылдық көлемін 10-11 млн тонна деңгейінде сақтауды қамтамасыз етеді. Жоба «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ-ның қатысуымен іске қосылды.
Қарашығанақты кеңейту жобасы (ҚКЖ-1Б) аясында салынған нысан газды кері айдау жүйесінің мүмкіндіктерін айтарлықтай ұлғайтуға жол ашады.
Бұған дейін хабарланғандай, компрессорды техникалық іске қосу жұмыстары 2026 жылғы маусымда сәтті жүргізілген болатын. Содан бері жабдық өзінің тиімділігі мен сенімділігін растап, өндірістік процестің тұрақтылығын қамтамасыз етіп келеді.
ҚКЖ-1Б жобасы елішілік құндылықты дамытуға және отандық бизнесті қолдауға елеулі үлес қосты. Жобаны іске асыру аясында тауарлар, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердегі жергілікті қамту үлесі 39,3% құрады, бұл – 153 млн АҚШ долларына тең. Құрылыс жұмыстарына қазақстандық тауар өндірушілер, мердігер және сервис компаниялары тартылды. Нәтижесінде бұл ұлттық өнеркәсіптің дамуына, қосымша жұмыс орындарының ашылуына және отандық мамандардың кәсіби құзыреттілігін арттыруға ықпал етті.
Жалпы, 6-компрессорды пайдалануға беру – Қарашығанақ кен орнын игеру тиімділігін ұлғайту және өндірістік нысандардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету бағытындағы жүйелі жұмыстың нәтижесі.