KPI полипропиленін қолданатын отандық компаниялар саны 181-ге жетті
10.07.2026
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Атырау облысына жұмыс сапары барысында «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС (KPI) интеграцияланған газ-химия кешенінде болып, өндіріс мәселелері бойынша жиын өткізді.
Биылғы алты айда зауыт 207 мың тоннадан астам полипропилен өндіріп, 193 мың тоннасын сатты. 20 мың тоннадан аса өнім ішкі нарыққа жөнелтілді. Бұл бағытта кәсіпорынның Астана, Алматы және Шымкент қалаларында орналасқан өңірлік қоймаларының маңызы зор болып отыр. Нәтижесінде логистика шығындары едәуір қысқарып, қазақстандық компаниялардың сұраныстарына жедел жауап беру мүмкіндігі ұлғайды.
KPI-ға отандық бизнестің сенімі де артып келеді. Аталмыш кезең ішінде қайта өңдеушілерден тұратын клиенттер базасы 157 компаниядан 181 компанияға дейін өсіп, оң динамиканы көрсетті.
Сонымен қатар кәсіпорын өнімді экспортқа жеткізу географиясын жүйелі түрде кеңейтіп келеді. 2026 жылғы қаңтар-маусым айларында Еуропа нарығына премиум сападағы 91,4 мың тонна полипропилен жөнелтілді. Еуропадан бөлек, KPI мақсатты маркалары Түркия мен Ресейге жеткізілуде. Полипропиленнің өтпелі (мақсатты емес) маркалары Қытайға жіберіледі.
Қазіргі уақытта KPI қаптама, құрылыс материалдары, тоқыма, техникалық және тұрмыстық бұйымдар өндірісінде қолданылатын 15 полипропилен маркасын игерген (2025 жылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысы бойынша 13 марка болған). Компания сұраныстың артуына байланысты қосылған құны жоғары өнімдерге арналған тағы үш жаңа марканы өндіріске енгізу есебінен өнім түрлерін көбейтуді жоспарлап отыр.
Жиын соңында А.Хасенов KPI басшылығына өндірістік қызметтің тұрақтылығын қамтамасыз ету, жөндеуаралық кезеңдерді ұзартуға сапалы дайындық жүргізу, өнім түрлерін одан әрі кеңейту және жаңа экспорттық нарықтарға шығу бойынша тапсырмалар берді.