KPI полипропилен өндірісін арттырып, экспорт көлемін кеңейтуде
20.08.2026
Атырау облысына жұмыс сапары барысында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. (KPI) газ-химия кешеніне барды. Зауытта өткен жиында кәсіпорынның өндірістік қызметі, ішкі нарықты өніммен қамтамасыз ету және экспорт көлемін ұлғайту мәселелері талқыланды.
Кәсіпорын негізгі өндірістік көрсеткіштері бойынша тұрақты өсім көрсетіп келеді. Биыл жеті айда зауыт 248,4 мың тонна полипропилен өндірді. Өткен жылдың осындай кезеңінде бұл көрсеткіш 219 мың тоннаны, ал 2024 жылдың жеті айында 150 мың тоннаны құраған.
2025 жылдың қорытындысы бойынша кәсіпорын Қазақстандағы және шетелдегі тұтынушыларға жалпы көлемі 365 мың тонна полимер өнімін жөнелтті. Ал 2026 жылдың бірінші жартыжылдығында өнімді өткізу көлемі 193 мың тоннаға жетті.
Сонымен қатар 2026 жылдың жеті айында отандық тұтынушыларға полипропилен жеткізудің көлемі былтырғы осындай кезеңмен салыстырғанда шамамен 18%-ға өсіп, 26 мың тоннаны құрады. KPI-дің өңірлік қоймалары арқылы жөнелтілген өнім көлемі үш есеге артып, 3,68 мың тоннадан 12 мың тоннаға дейін өсті.
Қолайлы логистикалық инфрақұрылым мен ынталандыру бағдарламалары өңдеуші кәсіпорындар қатарын айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік берді. KPI өнімін өңдейтін кәсіпорындардың клиенттік базасы 2025 жылдың басындағы 105 кәсіпорыннан 2026 жылы 180-нен астам компанияға дейін өсті.
Жыл басынан өңдеуші кәсіпорындар қатарына 29 жаңа отандық компания қосылды.
- Олардың ішінде тамақ өнімдеріне, тұрмыстық және өнеркәсіптік мақсаттарға арналған ыдыс өндірушілері («Аврора» ЖШС, «CASPIAN COMMERCIAL SERVICE» ЖШС, «SBKCompany» ЖШС, «Хвамда Машинери» ЖШС)
- кабель өткізу өнімдері мен электротехника өндірушілері («Казэлектромаш» ЖШС, «TIGER ELECTRO» ЖШС, «LUMO» ЖШС)
- құрылыс материалдары мен фурнитура өндірушілері («Teplomax» ЖШС, «FORES» ЖШС, «Транс Полимер» ЖШС, «ТРУЖЕНИК РК» ЖШС)
- медициналық контейнерлер («Перфект ЭКО» ЖШС) және халық тұтынатын тауар өндірушілері бар.
Бұдан бөлек, KPI тарапынан кепілді жеткізілімдердің арқасында Қазақстанда бұрын импортталған, қосылған құны жоғары бірқатар өнім түрін өндіру жолға қойылды. Олардың қатарында қаптама қаптары, спанбонд тоқылмаған материалы, өнеркәсіптік қаптама, биг-бэгтер, БОПП-пленка, мультифиламентті жіптер және цементке арналған клапанды-қорапты қаптар бар.
Ішкі нарықты отандық өніммен қамтамасыз етумен қатар, KPI полипропиленнің сұранысқа ие маркаларын Еуропа, Түркия және Ресей нарықтарына экспорттауды арттырып келеді. Өтпелі маркалар Қытайға жөнелтіледі. Еуропалық Одақ елдеріне экспорт көлемінің өсімі ерекше байқалады: бірінші жартыжылдықта жоғары сапалы 91,4 мың тонна полипропилен жеткізілді. Бұл былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 67%-ға көп.
Бүгінде KPI өнім портфелінде құрылыс, тоқыма, қаптама және тұрмыстық салаларда сұранысқа ие полипропиленнің 17 маркасы бар.
А.Хасенов КРІ басшылығына зауыттың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету, жөндеуаралық кезеңдерді ұлғайтуға дайындық жүргізу, қосылған құны жоғары полипропилен маркаларын игеру арқылы өнім түрлерін көбейту, сондай-ақ экспорттық әлеуетті кезең-кезеңімен арттыру бойынша нақты тапсырмалар берді.