KPI полипропилені Маңғыстауда су тазарту жүйелеріне арналған сүзгілер өндірісінде қолданылады
12.08.2026
Kazakhstan Petrochemical Industries Inc. (KPI) компаниясы шығаратын қазақстандық полипропилен бүгінде еліміз үшін стратегиялық маңызы бар өндірістерде кеңінен қолданылып келеді. Отандық қайта өңдеушілермен ынтымақтастықты дамыта отырып, компания қосылған құны жоғары өнімдер өндірісін дамытуға және қазақстандық полимерді қолдану аясын кеңейтуге үлес қосуда. Компанияның отандық қайта өңдеушілермен серіктестігі қазақстандық полипропиленді жаңа өндіріс бағыттарында қолдануға мүмкіндік беріп отыр. Соның бірі – су тазарту жүйелеріне арналған сүзгі элементтерін өндіретін «Аква Фильтер» ЖШС.
Бүгінде аталмыш компания Маңғыстау облысындағы «Каспий» су тұщыту зауытының тапсырысы бойынша су тазарту жүйелеріне арналған сүзгі элементтерін шығарады. Өндірісте негізгі шикізат ретінде KPI полипропилені пайдаланылады. 2026 жылдың мамыр айынан бастап компания зауыттың су дайындау жүйесінде суды механикалық тазартудың алғашқы кезеңінде қолданылатын сүзгі элементтерін тұрақты түрде жеткізіп келеді. Олар ірі механикалық қоспаларды ұстап қалып, тазартудың кейінгі кезеңдерінің тиімді жұмыс істеуіне және бүкіл технологиялық процестің тұрақты жүруіне мүмкіндік береді.
Қазіргі уақытта кәсіпорын ай сайын 10 мыңнан 30 мыңға дейін сүзгі элементін жасап шығарады. Осындай өндіріс көлемін қамтамасыз ету үшін айына шамамен 20 тонна KPI полипропилені қайта өңделеді. Былтыр күзде қазақстандық полипропиленнің алғашқы тәжірибелік партиясы өндірісте сынақтан өткізіліп, оның кәсіпорынның технологиялық талаптарына толық сәйкес келетіні анықталды. Сынақ нәтижесі оң болғаннан кейін, 2026 жылы KPI полипропиленін өндірісте тұрақты түрде пайдалану басталды.
— Біз суды тазартуға арналған сүзгілердің екі-үш түрін шығарамыз. Алдағы уақытта өнім түрлерін сегізге дейін кеңейтуді жоспарлап отырмыз. KPI полипропилен түйіршіктері сапасы мен технологиялық сипаттамалары бойынша талаптарымызға толық сәйкес келеді. Қазақстанда полипропилен өндірісінің іске қосылуы отандық полимер өнеркәсібін дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашты. Алдағы уақытта сапалы сүзгі элементтерімен тек Маңғыстау облысын ғана емес, еліміздің басқа да өңірлерін қамтамасыз етуді жоспарлап отырмыз, — деді «Аква Фильтер» ЖШС директоры Амангелді Тасқымбаев.
Кәсіпорын болашақта мұнай-газ саласына, медицинаға және өнім сапасына жоғары талап қоятын басқа да бағыттарға арналған сүзгі элементтерін өндіруді игеруді жоспарлап отыр. Бұл қазақстандық полипропиленді қолдану аясын едәуір кеңейтіп, жаңа жоғары технологиялық өндірістерді дамытуға қосымша серпін береді.Бүгінде KPI полипропилен түйіршіктерімен 181 отандық қайта өңдеуші кәсіпорынды қамтамасыз етіп, Қазақстанның өңдеу өнеркәсібін дамытуға, жаңа өндірістерді құруға және еліміздің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға елеулі үлес қосып келеді.