Қазақстан мен Конго мұнай-газ саласында ынтымақтастық орнатуға дайын
12.06.2024
11 маусымда Астанада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Конго Республикасы Президентінің стратегиялық мәселелер және халықаралық келіссөздер жөніндегі жеке өкілі Франсуаза Жолимен, сондай-ақ Конго Ұлттық мұнай компаниясының (SNPC) бас директоры Майксент Омингамен кездесу өткізді.
ҚМГ басшысы қазақстандық компанияның қызметі, соның ішінде ресурстық базаны кеңейту, өндіру тиімділігін арттыру және мұнай өңдеу мен мұнай-газ химиясын дамыту бойынша атқарып жатқан жұмыстар туралы ақпарат берді. Қазақстанда барлау мен мұнай-газ химиясына инвестиция тарту үшін реформалар жүргізілгені айтылды.
Өз кезегінде, Конго өкілдері өз елі Африканың мұнай-газ секторында көлемі бойынша үшінші жетекші мемлекет (Нигерия мен Анголадан кейін) екенін жеткізді. SNPC халықаралық компаниялармен (Total Energies, Chevron, Eni және т.б.) өзара тиімді қарым-қатынас орнатқан және энергетика саласындағы жобаларының мүмкіндігін барынша пайдалану үшін жаңа инвестиция тартуға ниетті.
Тараптар мұнай және мұнай өнімдерін сату, адам капиталын дамыту және басқа да бағыттарды қоса алғанда, мұнай-газ секторының түрлі салаларында өзара іс-қимыл перспективалары жөнінде пікір алмасты.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ҚМГ мен SNPC арасында ынтымақтастық туралы келісімге қол қою мәселесін пысықтауға келісті.
Анықтама:
SNPC (Societe nationale des petroles du Congo, Конго Ұлттық мұнай компаниясы) 1998 жылы сәуірде құрылған. Бұл қаржылық және басқару автономиясы бар өнеркәсіптік және коммерциялық сипаттағы мемлекеттік мекеме. Оның 100% үлесі Конго мемлекетіне тиесілі және оны Көмірсуктек министрлігі басқарады. SNPC міндеті — бастапқыда мемлекетке тиесілі кез-келген түрдегі барлық активтерді, тікелей және жанама құқықтарды мемлекет атынан басқару және үшінші тұлғалармен барлық келісімшарттық қатынастарда мемлекет мүддесін қорғау.