Павлодар мұнай-химия зауытында жаңа аса сенімді компрессорлар өндіріс тиімділігін арттырды
11.11.2024
«Павлодар мұнай-химия зауыты» ЖШС-де технологиялық процестер және бақылау-өлшеу аспаптарының үздіксіз жұмысы үшін ауаның тұрақты берілуін қамтамасыз ететін компрессорларды ауыстыру толық аяқталды. Компрессорлар зауыттың қызметіне тікелей әсер етеді. Оларды ауыстыру өндірістің сенімділігі мен тиімділігін арттыруға бағытталған.
Зауытта техниканы жаңарту бағдарламасы аясында «Ingersoll Rand» компаниясының Centac C700 жаңа компрессорлары іске қосылды. Құрылғылар интеллектуалды басқару жүйесімен жабдықталған, бұл пайдалану мен техникалық қызмет көрсетуді жеңілдетіп, салқындатуға жұмсалатын энергия шығыны мен су тұтынуды екі еседен астам азайтады.
ПМХЗ-да 2023 және 2024 жылдары екі кезең ішінде жүзеге асқан компрессорларды ауыстыру жобасы бу-ауамен жабдықтау цехының ауа компрессорлық станциясында жаңа төрт компрессор орнатуға мүмкіндік берді. Бұл кәсіпорынның барлық технологиялық нысанның үздіксіз жұмысын қамтамасыз етті және шығарылатын өнімнің сапасын жақсартты.
Зауыттың ауа компрессорлық станциясында 2015 жылы эксперимент ретінде Centac C700 маркалы компрессор орнатылды. Құрылғы 6 жыл бойы үздіксіз жұмыс істеді. Аталмыш уақыт аралығында жабдық бірде-бір рет істен шықпай, өз сенімділігін растады.
Жобаның іске асырылуы Павлодар мұнай-химия зауытының кеңейтілген жөндеу аралық кезеңге көшуіне, сондай-ақ сұйытылған көмірсутек газын сілтілі тазартуға арналған жаңа Merox қондырғысын (АҚШ-тың UOP компаниясы жасаған) және қысқы дизель отынын шығаратын гидротазарту қондырғысын салуға ықпал ететін болады. Бұл өнімнің сапасы мен экологиялық тазалығын жақсарту үшін сұйытылған көмірсутек газы құрамынан меркаптандарды (күкірті бар органикалық қосылыс) жою үшін бұрыннан қолданылып келе жатқан қондырғыға қосымша орнатылады.