ҚазМұнайГаз зауыттары сұйытылған газды ҚР Энергетика министрлігінің жеткізу жоспарына сай толық көлемде өндіріп отыр
05.07.2024
Ұлттық компания республикадағы сұйытылған көмірсутек газы нарығындағы ахуалға байланысты түсініктеме берді.
Маусым айында Атырау мұнай өңдеу зауыты (АМӨЗ) 16,7 мың тонна сұйытылған газ өндірді (Энергетика министрлігінің сұйытылған газ жеткізу бойынша негізгі жоспарынан 1,9 мың тоннаға артық), Павлодар мұнай-химия зауыты (ПМХЗ) – 13,1 мың тонна (жоспардан 1,2 мың тоннаға артық), Шымкент мұнай өңдеу зауыты (ПҚОП) – 29 мың тонна (жоспардан 2,7 мың тоннаға артық) өндірді. Өндірілген сұйытылған газ өңірлерге Энергетика министрлігінің бөлуіне сәйкес жөнелтілді.
4 шілдедегі жағдай бойынша Атырау МӨЗ-і 1,5 мың тонна газ, ПҚОП 3 мың тонна газ (оның 1,7 мың тоннасы Шымкентке жөнелтілді) шығарды. Өндіріс пен жөнелту жұмыстары жоспар бойынша жүріп жатыр. Бұл айда Атырау МӨЗ-і барлығы 16 мың тонна, Шымкент зауыты 28 мың тонна газ өндіруді жоспарлап отыр.
ҚазМұнайГаздың үш мұнай өңдеу зауытында тауар нарығы үшін сұйытылған көмірсутек газының орташа айлық өндірісі 67 мың тоннаны құрайтынын атап өткен жөн (соның ішінде АМӨЗ 18 мың тонна, ПМХЗ 22 мың тонна, ПҚОП 27 мың тонна газ шығарады, жөндеу жүретін айларды есепке алмағанда). Қазақстан бойынша жиынтықты орташа айлық өндіру көлемі – шамамен 130-140 мың тонна, үш мұнай өңдеу зауытының өндірісі 50%-дан аспайды.
Сондықтан Түркістан облысының қажеттілігін қамтамасыз ету үшін «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ ресурсынан қосымша 2 052 тонна, ПҚОП-тан 684 тонна бөлінді. Сондай-ақ, Шымкент қаласының қажеттілігі үшін ПҚОП зауытынан қосымша 726 тонна газ бөлінді.
Анықтама:
Қазіргі уақытта ПМХЗ-да Энергетика министрлігі бұдан бұрын бекіткен кестеге сәйкес жоспарлы алдын алу жұмыстары жүріп жатыр. ПМХЗ жұмысының тоқтауы Энергетика министрлігінің сұйытылған газды жеткізу жоспарында да алдын ала ескерілген болатын. «Азаматтық қорғау туралы» Заңға сай кәсіпорында жабдыққа техникалық куәландыру жүргізілуде. Жоспарлы алдын алу жұмыстарын аяқтау мерзімі – биылғы 16 шілде.
2024 жылдың бірінші жартыжылдығында ҚМГ-ның мұнай өңдеу зауыттары 408 мың тонна сұйытылған көмірсутек газын өндірді, бұл Энергетика министрлігі бекіткен өндіріс жоспарынан 10%-ға артық.