ҚМГ мен ADP ортақ жобалардың орындалу барысын талқылады
08.11.2023
8 қараша күні Астанада «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма Төрағасы Мағзұм Мырзағалиев Abu Dhabi Ports Group (ADP) компаниясының теңіз кластерінің бас директоры Аммар Әл Шаибамен кездесті.
Кездесуде тараптар екіжақты ынтымақтастық бойынша ортақ мәселелерді, оның ішінде Caspian integrated Maritime Solutions (CIMS) бірлескен кәсіпорнының қызметі және Біріккен Араб Әмірліктерінде ADP нысандарына отандық мамандарды жұмысқа орналастыру мәселелерін талқылады.
М.Мырзағалиев сондай-ақ серіктестерге отандық мамандарды ADP кәсіпорындарына жұмысқа қабылдау мақсатында өтіп жатқан іріктеу барысы туралы мәлімет берді. Естеріңізге сала кетсек, «ҚазМұнайГаз» және Abu Dhabi Ports Group 2023 жылдың қазан айында тиісті келісімге қол қойған болатын.«Алғашқы ортақ жобаларымыз сәтті жүзеге асып жатқанын ерекше атап өту керек. Abu Dhabi Ports Group компаниясымен теңіз тасымалы және Каспий теңізінде қажетті инфрақұрылым салу саласында орнатқан тиімді ынтымақтастықты жоғары бағалаймыз. Сонымен қатар, стратегиялық әріптестікке беріктігімізді отандық мамандарды серіктес компанияның Абу-Дабиде орналасқан кәсіпорындарына жұмысқа орналастыру туралы бастамамыз растай түседі», - деп атап өтті ҚМГ басшысы М.Мырзағалиев.
Анықтама үшін:
Abu Dhabi Ports Company (ADP) – Біріккен Араб Әмірліктерінің порт, өнеркәсіп және логистика бойынша операторы. Компания – Абу-Дабидің әртарап экономикасының негізгі секторларындағы ірі кәсіпорындарға иелік ететін аймақтағы ең ірі холдингтің бірі. ADP порттар, өнеркәсіптік қалалар мен еркін аймақтар, теңіз, логистика және цифрлы технологиялардан тұратын бірнеше кластерді басқарады.
«ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы – Қазақстанның вертикалды интеграцияланған жетекші мұнай-газ компаниясы. ҚМГ көмірсутектерді барлау мен өндіруден бастап тасымалдауға, өңдеу және өзге мамандандырылған қызметтерге дейін бүкіл өндірістік цикл бойынша активтерді басқарады. 2002 жылы құрылған компания еліміздің мұнай-газ саласында Қазақстан мүддесін қорғайды.