ҚМГ мен CNPC серіктестіктің негізгі бағыттарын талқылады
05.02.2026
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов «CNPC Central Asia және CNPC Kazakhstan» қытай компаниясының жаңадан тағайындалған бас директоры Ли Шуфэнмен кездесті.
Кездесу барысында тараптар геологиялық барлау саласындағы ынтымақтастықты кеңейту мүмкіндіктерін қарастырды, соның ішінде жаңа аумақтарды зерттеу, ресурстық базаны толықтыру және инновациялық технологияларды енгізу. Атап айтқанда, ескі кен орындарында қордың сарқылуы салдарынан мұнай өндіру көлемі азайып бара жатқан Қызылорда облысы туралы сөз болды.
ҚазМұнайГаз ұлттық компания ретінде бұл бағытқа ерекше көңіл бөлетінін атап өткен жөн. 2025 жылы ҚМГ Қызылорда облысындағы Торғай Палеозой учаскесінде (5 500 м) терең ұңғыманы өз күшімен бұрғылаған болатын. Нәтижесінде геологиялық барлау жұмыстарын одан әрі жүргізу үшін ғылыми маңызы бар перспективалар расталды.
Жалпы, ҚМГ мен CNPC геологиялық барлау бойынша ынтымақтастықты жандандыруға ниетті. Бірлескен жұмыс тобы ҚМГ-ның перспективті жобалары бойынша деректер алмасу үшін бірқатар техникалық сессия өткізді. Қазіргі уақытта қытай тарапы жобаларды зерттеп жатыр.
Сонымен қатар бірлескен стратегиялық бастамаларды іске асыру барысы қаралды. «Өріктау» жобасы аясында осы кен орнынан Ақтөбе облысындағы Жаңажол газ өңдеу зауытына көгілдір отын жеткізу көзделген. Бұл зауыттың операторы — «CNPC-Ақтөбемұнайгаз». ҚМГ басшысы «Өріктау» жобасын іске асырудың бұрын белгіленген мерзімдерін сақтау маңызды екенін атап өтті.
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ (https://t.me/mmginfo) бірлескен кәсіпорнының қызметі де талқыланды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша компания 6,1 млн тонна мұнай өндірді. Биыл кәсіпорын операциялық тиімділікті арттыруға бағытталған шаралар кешенін іске асыруды жалғастырады.
Кездесуде сондай-ақ Шымкент мұнай өңдеу зауытының (https://t.me/pkopkz) (ПҚОП) өндірістік қуатын қазіргі 6 млн тоннадан 12 млн тоннаға дейін кеңейту жөніндегі инвестициялық жобаны іске асыру мәселесі де айтылды. Жобаның ішкі нарықтағы мұнай өнімдеріне деген өсіп келе жатқан сұранысты қамтамасыз етуде маңызы зор. Қазіргі уақытта тараптар техникалық-экономикалық негіздеме бойынша жұмыс жүргізуде.