ҚМГ-Аэро Ташкент-Қостанай бағыты бойынша Centrum Air жаңа рейсін отынмен қамтамасыз етеді
15.06.2026
ҚазМұнайГаздың еншілес ұйымы – «ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС және Centrum Air өзбек әуе компаниясы Қостанай халықаралық әуежайында ұшақ «қанатына» отын құю қызметтерін көрсетуге шарт жасасты.
Уағдаластықтар аясында әуе компаниясы жиілігі аптасына бір рет Ташкент – Қостанай – Ташкент бағыты бойынша тұрақты жолаушы рейстерін іске қосады. ҚМГ-Аэро халықаралық қауіпсіздік мен сапа стандарттарына сәйкес рейстерді авиаотынмен қамтамасыз ету қызметтерінің толық кешенін көрсетеді.
Жаңа тасымалдаушыны тарту — ҚМГ-Аэро мен Қостанай әуежайының маршруттар желісін кеңейту және Қазақстанның өңірлеріндегі көлік байланыстарын шетелдік бағыттармен нығайту бойынша ортақ жұмысының нәтижесі.
Осындай іс-шаралар Ақтөбе халықаралық әуежайымен бірлесіп, Centrum Air әуе компаниясының Ташкент – Ақтөбе – Ташкент бағыты бойынша рейстер ашуға қатысты жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта әуе тасымалдаушы қажетті келісу рәсімдерінен өту және Ақтөбе әуежайына рейстерді орындауға рұқсат алу үшін дайындалуда.
Бұл жобаларды іске асыру Мемлекет басшысының еліміздің көлік-логистикалық және транзит әлеуетін дамыту жөнінде қойған міндеттеріне сай келеді. Халықаралық әуе компанияларының қатысуын кеңейту жолаушылар санының өсуіне, өңірдегі әуежайлардың дамуына, іскерлік әрі туристік байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ Қазақстанның Орталық Азияның негізгі авиациялық хабы ретіндегі инвестициялық тартымдылығын арттыруға ықпал етеді.