Қазақстанда жасыл сутегі өндіретін толық циклді алғашқы пилоттық кешен іске қосылды
20.05.2026
Атырау қаласында «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС (ҚМГИ — «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес ұйымы) филиалының базасында сутегі энергетикасы тақырыбына арналған IV халықаралық семинар өтті. Іс-шара аясында еліміздегі жасыл сутегі өндіретін толық циклді алғашқы пилоттық жоба іске қосылды.
Бұл бастама Мемлекет басшысының ҚР көміртегі бейтараптығына қол жеткізудің 2060 жылға дейінгі стратегиясында бекітілген сутегі энергетикасын дамыту жөніндегі тапсырмаларын орындау аясында жүзеге асырылуда. Технологияның мәні экологиялық таза әрі түсінікті: күннен алынатын электр қуаты суды оттегі мен сутегіне ыдыратады, оның нәтижесінде таза отын қалыптасады. Ал оны пайдалану кезде көмірқышқыл газының қалдықтары жоқ кәдімгі су буы түзіледі.
Сонымен қатар сутегі индустриясы экологиялық және экономикалық тұрғыдан да тиімді болмақ. Сутегі энергиясының тығыздығы (массасына қатысты) бензиннің энергетикалық тығыздығынан үш есе жоғары (1 кг ≈ 3 кг).
ҚМГИ серіктестерімен бірлесіп құрған бұл кешен электр қуатымен қамтамасыз ету үшін ғана емес, сондай-ақ инженерлік-зерттеу платформасы ретінде де пайдаланылады. Жоба 2025 жылғы маусым айында күн электр станциясын (336 модуль, 200 кВт) орнатудан басталған болатын, нәтижесінде жылына шамамен 12 млн теңге үнемделді. Қазіргі кезеңде контейнерлік электролиз қондырғысы іске қосылды, ол күн энергиясын алудан бастап сутегін өндіруге және оны кейіннен филиалды жылыту мен электр көзімен қамтамасыз етуге дейінгі толық циклдан тұрады. Бұл жерде газды сақтау, тасымалдау және гибридті жүйелерде аралас пайдалану бойынша түрлі шешімдер сыналады.
ҚМГ Инжиниринг компаниясының Атырау филиалы жанындағы сутегі технологияларын зерттеу зертханасы – бұл пилоттық жобаның негізгі алаңы және сутегі энергетикасы бойынша құзыреттер орталығының маңызды элементі. Инженерия докторы Сәуле Жолдаяқова бастаған ғылыми топ сутегін сақтауға арналған титан-темір қорытпаларының алғашқы үлгілерін жасап шығарды.
Отандық ғалымдар әзірлеген металл гидридтер сутегін бөлме температурасында сақтауға мүмкіндік береді. Бұның арқасында сутегін тасымалдау әлдеқайда қауіпсіз әрі арзанға түседі, яғни күрделі салқындату мен өте жоғары қысымды қажет етпейді. Жалпы, жаңа технологияның өндірісте пайдалану ауқымы кеңейтілсе, оның құнын бірнеше есе төмендетуге, сонымен бірге жасыл сутегін пайдалану тәсілдерін айтарлықтай жеңілдетуге жол ашылады . Зерттеу нәтижелері халықаралық деңгейде де бағаланды.
Бұдан бөлек форумда ҚР Цифрлық сутегі атласы таныстырылды. Оның басты артықшылығы – инвесторлар нақты уақыт режимінде еліміздің кез келген нүктесінде жасыл және көгілдір сутегінің өзіндік құнын есептей алады, бұл атласты перспективті жобаларды жедел әрі нақты бағалауға арналған сенімді құралға айналдырады.
Семинар Ұлыбритания, Германия, Жапония, Франция, АҚШ, Швейцария және Лихтенштейн елдерінен келген жетекші сарапшылардың, сондай-ақ ҚР мемлекеттік органдары мен әлемдік деңгейдегі университеттер өкілдерінің басын қоса отырып, өзінің жоғары мәртебесін растады.