KIOGE-2024 көрмесінде ҚазМұнайГаз кәсіпорындары өз жетістіктерін таныстырды
25.09.2024
25-27 қыркүйек күндері Алматыда өтіп жатқан KIOGE-2024 29-шы Қазақстандық халықаралық мұнай және газ көрмесі мен конференциясының ашылу салтанатына ҚР Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев, БАӘ Энергетика министрі Сухейль Әл-Мазруи, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов және 25 елден келген мұнай-газ саласының 700-ден астам өкілі қатысты.
ҚМГ және оған қарасты еншілес компаниялары — «Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС, «Қазақтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» ЖШС, «ҚазТрансОйл» АҚ, «ҚМГ Инжиниринг» ЖШС және «Ембімұнайгаз» АҚ стендтерінде саладағы жетістіктер мен заманауи технологиялар туралы ақпарат ұсынылған.
ҚМГ Диспетчерлік-талдау орталығы нақты уақытта мұнай мен газ өндіру, тасымалдау және өңдеу процестеріне мониторинг жасауға және талдауға мүмкіндік береді.
Стендте «ҚМГ Инжиниринг» әзірлемелері, cоның ішінде жасанды интеллект және компьютерден көру негізінде құралдарды қолдану бойынша мысалдар ұсынылған. Бұл әзірлемелер қазірдің өзінде «Тұмар» жүйесін — өндірістік процестерді, қауіпті аймақтарды және т.б. автоматты түрде анықтау арқылы өндірістегі өнеркәсіптік қауіпсіздіктің алдын алуға арналған бағдарламалық кешенді жасақтау үшін қолданылады. ҚМГ мұнай-газ өндіруші компаниялары үшін ABAI ақпараттық жүйесін дамыту жалғасуда. Мұнда ҚМГ компаниялар тобында енгізіліп жатқан нақты жұмыс істейтін жүйенің көрсетілімін тамашалауға болады. Мүдделі жеткізушілер көрмеде «бір терезе» қағидаты бойынша тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтарға жіберілетін өтінімдер мен ұсыныстарды қарауды және сүйемелдеуді қамтамасыз ететін «Тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтар жүргізу орталығы» жүйесін пайдалана алады.
KPI зауыты өзі шығаратын полипропиленнен жасалған полимерлі өнімдердің үлгілерін ұсынды. Мәселен, алматылық компания бұл өнімнен нарықта сұранысқа ие пластикалық орындықтар, шаралар, шелектер, бактар, жәшіктер мен контейнерлер, креслоларға арналған жиынтықтаушы бөлшектер жасаса, Шымкенттегі кілем фабрикасы отандық полипропиленнен Қытайға экспортқа шығатын керемет сапалы кілемдер тоқиды.
ҚазТрансОйлдың стенді құбыр жүйесін пайдалану кезінде қолданылатын күрделі технологиялар туралы баяндайды.
Қазақтеңізкөлікфлоты көрмеге қатысушылар мен қонақтарға былтыр қазақстандық теңіз флотын толықтырған Taraz және Liwa жаңа мұнай құю танкерлері туралы ақпарат береді.