ҚМГ басшысы Қазгермұнайдағы өндірісті дамыту жұмыстарымен танысты
05.05.2026
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында Қазгермұнайдың (ҚГМ) кен орындарына барып, негізгі жобалардың іске асырылу барысын тексерді.
Қорлардың 89% игеріліп қойғанын ескере отырып, ҚГМ Ақшабұлақ және Нұралы кен орындары тобында қосымша барлауды белсенді жүзеге асыруда. Сонымен қатар Солтүстік Торғай шөгінді бассейніндегі және Арал бассейні бойынша геологиялық барлау деректерін зерттеп, жаңа перспективті учаскелерді іздестіру жұмыстарын жүргізіп келеді.
Қазгермұнайдың ескі кен орындарында мұнай өндіру деңгейін ұстап тұруға бағытталған геологиялық-техникалық іс-шаралар кешені іске асырылуда, соның ішінде жер қабатын сумен жару және қабылдау профилін теңестіру бар.
ҚМГ басшысы Оңтүстік Ақсай, Нұралы және Ақшабұлақ кен орындарында шикі газды жинау, қабылдау және дайындау нысандарын аралап, технологиялық процестермен және өндіріс қуатын одан әрі дамыту жоспарларымен танысты.
Айта кетсек, ҚГМ-ның иелігінде тауарлық және сұйытылған мұнай газдарын дайындайтын қолданыстағы инфрақұрылымы бар. Бүгінде шикі газ бойынша жылдық қуаты 580 млн м³ құрайтын газ дайындайтын қондырғыларына сыртқы жер қойнауын пайдаланушыларды қосу жұмыстары жалғасуда.
Аталмыш жобаны іске асыру жергілікті компанияларға қымбат газ өңдеу қондырғыларын салмай-ақ, ілеспе мұнай газын утилизациялау мәселесін шешуге мүмкіндік береді және мұнай өндіру көлемін ұлғайту үшін шектеулерді алып тастайды.
Ілеспе мұнай газын өңдеу Қайыркелді (ҚазПетролГрупп) және Солтүстік-Батыс Қоныс (Галаз және К) кен орындарынан қамтамасыз етілген. Бұған қоса өңдеу үшін Тұзкөл кен орнынан (Тұзкөл Мұнай Газ Оперейтинг) газ тартылды. Осы активтер бойынша газдың алынатын қалдық қоры 2,4 млрд м³ құрайды. Қазіргі таңда өңірдегі басқа да жер қойнауын пайдаланушылармен Ақшабұлақ кен орнының өңдеу қуаттарына қосылу бойынша келіссөздер жүргізілуде.
Сондай-ақ А.Хасенов заманауи технологиялар енгізілетін газды дайындау және тасымалдау қондырғыларын жаңғырту жобасымен танысты. Оны іске асыру сұйытылған газ өндірісінің көлемін жылына қосымша 20 мың тоннаға дейін ұлғайтуды қамтамасыз етеді және қосымша жылу алмастырғыштарды орнату есебінен компрессорлардың энергия тұтынуын 20% төмендетеді.
Өндірістік жиында ҚГМ қызметінің қорытындылары, сондай-ақ операциялық тиімділікті арттыру бойынша қабылданып жатқан шаралар қаралды. Компания биыл 4 айда шамамен 278 мың тонна мұнай және 81,5 млн м³ газ өндірді.
Компанияда цифрландыру мәселелеріне ерекше мән берілген. Осы бағытта өндірістік қауіпсіздікті арттыру үшін электронды наряд-рұқсат жүйесі енгізілді. Жабдықтардың қауіпті жай-күйін уақтылы анықтау есебінен авариялар мен оқыс оқиғалар қаупін азайту үшін «Мобильді шолушы» пилоттық жобасы іске қосылды. Мұнай және газ өндіру деңгейін ұстап тұру үшін ABAI платформасында ЖИ негізінде жоба іске асырылып жатыр.
Сонымен қатар компания қызметкерлерді операциялық тиімділікті арттыру процесіне белсенді тарта отырып, рационализаторлық мәдениетті дамытып келеді. 2025 жылы барлығы 60 ұсыныс түсіп, оның 24-і бекітілді.
Жиын қорытындысы бойынша А.Хасенов ресурстық базаны толықтыру, операциялық тиімділікті арттыру және цифрландыру бағытындағы жұмыстарды одан әрі жалғастыруды тапсырды.