«Кендірлі» теңіз суын тұщыту зауыты өндірістік қуатына шықты
14.11.2025
Бүгінде кәсіпорын тәулігіне 50 000 текше метрге дейін суды тұщытуға қауқарлы. Биыл 27 қазанда нысанды пайдалануға беру актісіне қол қойылды. Құрылыс, монтаждау және іске қосу-реттеу жұмыстары 100% аяқталды, зауыт толық жобалық қуатымен жұмыс істей алады.
Еске салсақ, Кендірліден тұщытылған теңіз суының алғашқы көлемі осы жылдың тамыз айында Жаңаөзен қаласының су тарату желісіне берілген болатын.
Кәсіпорын Жаңаөзеннің орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне су беруге дайын тұр. Қазіргі кезде қалаға «тіршілік көзі» екі жерден — «Астрахань-Маңғышлақ» магистралды су құбыры және Түйесу мен Сауысқан жерасты көздерінен жеткізілуде. Бұл су беру көздері күз және қыс мезгіліндегі қажеттіліктерді қамтамасыз етіп отыр.
Кендірлі зауытын жыл соңына дейін Маңғыстау облысы әкімдігінің коммуналдық меншігіне өтеусіз беру жоспарлануда. Нысанды әкімдік меншігіне беру іс-шаралары аясында инженерлік-техникалық мамандар оқытылды және жаңа зауыттың пайдалану қызметі жасақталды.
Теңіз суын тұщыту зауыты — Қазақстанда осы бағыттағы ірі нысандардың бірі. Ол жалпы жобалық қуаты тәулігіне 50 000 текше метр болатын кері осмос қондырғысы бар (тәулігіне 12 500 текше метрді құрайтын 4 бірлік) суды тұщыту цехы, сондай-ақ су дайындау, тұзсыздандыру және минералдандыру цехынан тұратын инженерлік шешімдер кешені болып саналады.
Жалпы магистралды су құбырының ұзындығы 201,4 км (100,7 км-ден тұратын 2 желі) құрайды. Сонымен қатар электр беру желілері, талшықты-оптикалық байланыс желісі, газ құбыры және автожол салынды.
Әкімшілік-тұрмыстық кешен, жатақхана, жөндеу цехы, өрт сөндіру депосы, қоймалар бой көтерді. Зауытта Еуропа, АҚШ және Қытайдың жетекші өндіруші зауыттарынан шыққан заманауи технологиялық жабдықтар орнатылған.
Құрылыс жұмыстарына 650-ден астам адам жұмылдырылды, 91 тұрақты жұмыс орны ашылды. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы аталған жобаны қазақстандық өндірушілер мен мамандарын барынша тарта отырып, қысқа мерзім ішінде аяқтады.
Айта кетсек, ірі әлеуметтік жоба Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша іске асырылды және оның стратегиялық маңызы зор. Зауыт Жаңаөзен мен оған іргелес жатқан елді мекендер тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз етеді. Сондай-ақ «Астрахань-Маңғышлақ» магистралды су құбырына жүктемені азайтып, өңірдегі өнеркәсіп әлеуетін дамытуға ықпал етеді.