«ҚМГ Кәсіп»: жұмысшыларға жаңа мүмкіндіктер
04.09.2025
ҚазМұнайГазда мұнай-газ кешені қызметкерлерінің күніне арналған мерекелік іс-шаралар жалғасуда.
Бүгін «ҚМГ Кәсіп» біліктілікті арттыру бағдарламасы аясында компанияның еншілес кәсіпорындарының 140-тан астам қызметкеріне модульдік оқуды аяқтағаны туралы сертификаттар салтанатты түрде табысталды. Сондай-ақ қатысушыларға «Жұмысшы мамандықтар жылы» естелік төсбелгілер берілді.
Іс-шараға ұлттық компания басшылығы, сала ардагерлері, Сенат және Мәжіліс депуттары, Энергетика министрлігінің өкілдері қатысты.
Айта кетсек, ҚазМұнайГаз Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «ҚМГ Кәсіп» біліктілікті арттыру бағдарламасын іске қосты және ол 12 мамандықты қамтыды. ҚМГ-ның түрлі кәсіпорындарынан іріктелген жұмысшылар мұнай-газ саласының экономикасы, цифрлық және қаржы сауат, қиын жағдайда стресті басқару, қауіпсіздік мәдениеті, қызметкердің денсаулығы мен амандығы негіздері және басқа да бағыттарында білімдерін жетілдірді. Барлығы ҚМГ-ға қарасты ұйымдардан 270 маман оқудан өтті.
ҚМГ компаниялар тобында модульдік оқыту бағдарламасы алдағы уақытта да жалғасатын болады.