ҚазМұнайГаз бен NCOC Қашаған кен орнын игеру барысын талқылады
19.06.2024
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов North Caspian Operating Company басқарушы директоры Джанкарло Руюмен кездесті.
Тараптар қауіпсіздік пен еңбекті қорғаудың жоғары стандарттарын сақтауға баса назар аудара отырып, Қашаған кен орнын игеру мәселесін талқылады. Кездесуде 2023 жылдың қорытындысы бойынша Қашағанда 18,8 млн тонна өндірудің рекордтық көрсеткіштері кен орнының орасан зор әлеуетін растайтындығы атап өтілді.
Елімізде мұнай-газ химиясы өндірістері және төмен көміртекті жобалар дамып жатқандығын ескерсек, Қашаған шикізатының маңызы тек артатын болады.
А.Хасенов атап өткендей, NCOC акционері ретінде ҚМГ өңір тұрғындарының өмір сүру жағдайын жақсартуға және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған компанияның әлеуметтік жобаларына қолдау көрсететін болады.