Елімізде карбамид өндіретін жобаны ғылыми верификациялау басталды
21.10.2025
«KMG PetroChem» ЖШС («ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ еншілес компаниясы) ҚР Ұлттық ғылым академиясымен (ҚР ҰҒА) бірлесіп, Қазақстанда болашақ карбамид өндірісінің тиімділігін ғылыми тұрғыда дәлелдеу жобасын жүзеге асыруда.
Бірлескен зерттеулер ғылыми тұрғыдан объективті бағалау жүргізуге және еліміздің фермерлерді тиімді отандық тыңайтқыштармен қамтамасыз етілетініне көз жеткізуге мүмкіндік береді. Бастаманың мақсаты — елдің ішкі сұранысын қамтамасыз етумен қатар, озық аграрлық зерттеулер нәтижелеріне сүйене отырып, экспорттық әлеуетті нығайту.
Тараптар Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешеніне отандық карбамидті енгізу саласындағы келісімге қол қойды. Құжат аясында ҚР ҰҒА карбамидтің агрономиялық және экономикалық тиімділігін кешенді бағалаумен айналысады, оған топырақ пен өсімдікке зертханалық талдаулар жүргізу, сондай-ақ ғылыми есептер мен тәжірибелік ұсынымдар әзірлеу кіреді.
Еске сала кетсек, 2025 жылы Қазақстанның түрлі агроклиматтық аймақтарындағы егіс алқаптарында карбамидті сынау жұмыстары басталған. Жалпы көлемі шамамен 600 гектар жер қамтылды. Жиналған деректер егін жинау науқаны аяқталғаннан кейін өңделіп, тыңайтқыштарды қолданудың тиімділігін арттыру бойынша тәжірибелік ұсынымдар әзірлеуге негіз болады.