ҚМГ басшысы Маңғыстау облысындағы Қаламқас кен орнының өндіріс және әлеуметтік нысандарын аралап көрді
16.04.2025
Маңғыстау облысына жұмыс сапары барысында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-ның (ММГ) Қаламқас кен орнына барды.
ҚМГ басшысы ілеспе мұнай газының артық мөлшерін толық кәдеге жарататын газ компрессорлық станцияны, өнімділігі тәулігіне 2 млн м³ болатын табиғи газ дайындау қондырғысын, сондай-ақ мұнай өндіру нысандарын электр энергиясымен қамтамасыз ететін газ турбиналы электр станциясын аралап көрді.
Ол Қаламқас вахталық кентінде әлеуметтік нысандардың жай-күйімен танысты. Былтыр екі жатақхананың біріне күрделі жөндеу жүргізілсе, екіншісінде жөндеу жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ ҚМГ басшысы 250 адамға арналған асхананы қарап шықты.
- Әлеуметтік-тұрмыстық жағдайлар деңгейін үздіксіз көтеру - ҚазМұнайГаздың басым бағыты. Қызметкерлер үшін жайлы да қауіпсіз жағдай жасау өндірістік процестердің тиімділігі мен сенімділігіне тікелей әсер етеді. Сондықтан бұл бағыттағы жұмысты белсенді әрі жүйелі жалғастыру қажет, - деді А.Хасенов.
ММГ-ның Жол картасы аясында Қаламқас кен орнында 300 орындық заманауи мәдени-демалыс орталығы, жатақхана, асхана және басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандар салу жоспарланған. Ал Жетібай кен орнында 550 адамға арналған вахталық кент салуға жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде.
Сонымен қатар А.Хасенов «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ-да өндіріс мәселелеріне арналған жиын өткізді. 2025 жылғы I тоқсан қорытындысы бойынша компания 1 млн 506 мың тоннадан астам мұнай өндірді. Былтырғы өндіру көлемі 6 млн 170 мың тоннаға жетіп, 2023 жылмен салыстырғанда 18,9 мың тоннаға артық болды. Биыл кәсіпорынның алдына осы көрсеткіштерді сақтау міндеті қойылды.
Жиын қорытындысы бойынша ҚМГ басшысы қызметкерлердің еңбек жағдайларын жақсарту, шығын көлемін оңтайландыру, геологиялық-техникалық іс-шараларды уақтылы жүргізу, жаңа ұңғымаларды іске қосу және жөндеу аралық кезеңді ұзарту мәселелеріне қатысты бірқатар тапсырма берді.
Анықтама:
«Маңғыстаумұнайгаз» АҚ Маңғыстау облысында 2 ірі (Қаламқас, Жетібай) және 13 спутниктік кен орындарын игеруде.