«Қазақойл Ақтөбе» 2025 жылдың бес айында 193,6 мың тонна мұнай және 329,2 млн текше метр газ өндірді
25.06.2025
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС басшылығымен өндіріс мәселелері бойынша жиын өткізді.
2025 жылдың 5 айында компанияда мұнай өндіру көлемі 193,6 мың тоннаны құрады. Осы кезеңде газ өндіру деңгейі 329,2 млн текше метрге жетті (өсім 8,3%). Биылғы жоспар — 480,1 мың тонна мұнай және 798 млн текше метрден астам газ.
Қазіргі уақытта Әлібекмола мен Қожасай кен орындарында ұңғымаларды бұрғылау жұмыстары жүргізілуде. Бұдан басқа мұнай өндіруді арттыру үшін геологиялық-техникалық іс-шаралар жүріп жатыр. Бұрғылау, геологиялық-техникалық іс-шаралар және тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтар есебінен 2025 жылы қосымша мұнай өндіру көлемі жоспардағы 40,4 мың тонна орнына 45,1 мың тонна болады деп күтіледі.
Әлібекмола кен орнында тауарасты суды дайындау жүйесінің тиімділігін арттыру мен жақсартуға бағытталған стратегиялық міндеттердің қатарында компания қабат суын дайындау қондырғысын салу және жаңғырту жобасын іске асыруды көздеп отыр. Қазіргі уақытта резервуар мен механикалық қоспаларды тұту блогын салуға арналған жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. Сонымен қатар Әлібекмола кен орнының инфрақұрылымын кеңейту, оның ішінде газ кешенінің қажетті жабдық резервін құру, сондай-ақ ағымдағы және күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге жұмсалатын уақытты азайту үшін өнімділігі сағатына 25 мың текше метр болатын тауарлық газ компрессоры салынатын болады.
Алдағы бес жылда қор көлемін ұлғайту үшін жыл сайын 5 ұңғыманы бұрғылау жоспарлануда.
Қызметкерлердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту бағытында қазіргі кезде Қожасай кен орнында жаңа жатақхана салу бойынша жобалау жұмыстары жүруде, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге келісімшарт жасалды.
Сондай-ақ Қазақойл Ақтөбе өңірдің дамуына өз үлесін қосып келеді. Жыл басынан бері компания келісімшарт міндеттемелері аясында Ақтөбе облысының әлеуметтік саласына 200 млн теңге аударды.
Жиын қорытындысы бойынша ҚМГ басшысы кен орындарды пайдаланудың тиімділігін арттыруды, бұрғылау және геологиялық-техникалық іс-шараларды атқару, мұнай өндіру көлемін ұлғайту және әлеуметтік-тұрмыстық жағдайларды жақсарту жөніндегі жоспарларды сапалы іске асыруды тапсырды.