ҚазМұнайГаз-Аэро Алматыда жаңа халықаралық тасымалдаушы компанияның рейстерін жанармаймен қамтамасыз етеді
08.06.2026
«ҚазМұнайГаз-Аэро» ЖШС және FlyOne Armenia әуе компаниясы Алматы халықаралық әуежайында ұшақ «қанатына» отын құю қызметтерін көрсетуге шарт жасасты.
2026 жылғы 12 маусымнан бастап FlyOne Armenia әуе компаниясы Ереван – Алматы – Ереван бағыты бойынша тұрақты жолаушылар рейстерін іске қосады. ҚМГ-Аэро халықаралық қауіпсіздік пен сапа стандарттарына сәйкес Алматы әуежайында рейстерді авиаотынмен қамтамасыз ету бойынша толыққанды қызмет кешенін ұсынатын болады.
Бұл жұмыс Мемлекет басшысының Қазақстанның транзиттік әлеуетін дамытуға бағытталған тапсырмалары аясында жүргізілуде. Жаңа рейстердің ашылуы – ҚР Үкіметінің, ҚазМұнайГаз ұлттық компаниясының және отандық авиациялық сектордың халықаралық маршруттық желіні кеңейту, авиациялық инфрақұрылымды дамыту және әуежайлардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру жөніндегі жүйелі жұмыстың нәтижесі.
FlyOne Armenia компаниясының отандық нарыққа шығуы халықаралық әуе тасымалдаушылары тарапынан Қазақстанмен әуе тасымалын дамытуға сұраныстың өсіп келе жатқанын көрсетеді. Қазақстан Орталық Азиядағы авиациялық отынға ең төмен бағаларды сақтап отыр, бұл елдің әуежайлары арқылы транзиттік, жолаушылар және жүк рейстері көлемінің ұлғаюына ықпал етуде.