ҚазМұнайГаз және JANAF ынтымақтастықты нығайтуда
02.08.2025
«ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ (ҚМГ) Басқарма төрағасы Асхат Хасенов Загреб қаласында хорватиялық «Jadranski naftovod» (JANAF) компаниясының Басқарма төрағасы Степан Аданичпен кездесу өткізді.
2024 жылы ҚМГ мен JANAF арасында қол қойылған Өзара түсіністік туралы меморандум аясында мұнай мен мұнай өнімдерін тасымалдау және сақтау саласындағы ынтымақтастық мәселелері талқыланды.
А.Хасенов жоғарыда аталған келісім екі компанияның серіктестік қарым-қатынастарына негіз болып, тәжірибе алмасу және іскерлік байланыстарды одан әрі дамыту мүмкіндіктерін қамтамасыз еткенін атап өтті.
Биыл ҚазМұнайГаз бен Мажарстанның MOL компаниясы шикізатты хорватиялық JANAF пайдаланатын Омишаль порты мен «Адрия» мұнай құбыры арқылы Мажарстандағы мұнай өңдеу зауыттарына жеткізу туралы келісті.
— ҚМГ Қазақстанның Еуропа елдеріне энергия ресурстарын сенімді жеткізуші ел ретіндегі позициясын нығайта отырып, экспорт бағыттарының географиялық аумағын кеңейтуді жалғастыруда. Біз Қазақстан мұнайын халықаралық нарықтарға жеткізу көлемін ұлғайту мақсатында JANAF компаниясымен ынтымақтастықты нығайтуға мүдделіміз, — деді ҚМГ басшысы.
Анықтама:
«Jadranski naftovod» (JANAF) — Хорватияның мұнай құбыры жүйесінің операторы. Компания Адрия теңізі арқылы Омишаль терминалынан Сербияға, Боснияға, Мажарстанға және Словакияға жеткізілетін «Адрия» құбырын басқарады.